Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек, - деді Президент.
Ол егемендікті сақтап тұру қиын екенін айтты.
Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Себебі, тыныштық болмаса, басқаның бәрі бекер, - деді Мемлекет басшысы.
Президент бейбітшілік басты байлық екенін еске салды.
Әлемдегі ахуалдың қандай күрделі екенін көріп отырсыздар. Беделді халықаралық сарапшылар Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі деп атайды. Қазір біз аймақтың мәдени-рухани орталығына айналдық. Биыл шетелдің өнер ұжымдары елімізде 200-ден астам мәдени іс-шара өткізді. Бұл – тұрақтылықтың, тыныштықтың айқын көрінісі. Мұны басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Ал тұрақсыздық жайлаған елге ешкім ұмтыла қоймасы анық. Бейбітшілік – біздің басты байлығымыз. Оның қадіріне жетіп, бағалай білу – бәрімізге ортақ парыз. Мұны еліміздің әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінуі қажет, - деді ол салтанатты жиында.