Қазақстанның адам құқықтарын іске асыру саласындағы саясаты БҰҰ-да ұсынылды

5 Қазан 2024, 15:31
353
Бөлісу:
Қазақстанның адам құқықтарын іске асыру саласындағы саясаты БҰҰ-да ұсынылды
Фото: gov.kz

Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан дипмиссияларымен және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасымен бірлесіп, Женевада өтіп жатқан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 57-ші сессиясының аясында «Даму құқығы контекстіндегі адам құқықтары» тақырыбында арнайы іс-шара өткізді.

Іс-шараға қатысушылар өз баяндамаларында және талқылау барысында адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарын жүзеге асыру үшін даму құқығының айнымас маңызын, оның ішінде ел үкіметтерінің даму саясатын әзірлеу мен жүзеге асырудағы жауапкершілігін атап өтті.

Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев өз сөзінде қатысушыларды 2019-2021 жылдары елімізде сәтті жүзеге асырылған саяси реформалардың төрт кешенді топтамасының нәтижелері туралы хабардар етіп, Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауында белгіленген экономикалық реформалардың және экономиканы одан әрі монополиясыздандыру мен әртараптандыруды қоса алғандағы жаңа экономикалық модельге көшу жоспарларына кеңінен тоқталды.

Атап айтқанда, қазақ дипломаты шағын және орта бизнесті қолдау, салық заңнамасын оңайлату, 2029 жылға қарай 3,3 миллионнан астам адамды жұмыспен қамту, 450 мың жаңа жұмыс орнын құру, оның ішінде жастар үшін 200 мың (44%) орынды бөлу, сондай-ақ еліміздегі балаларға арналған Ұлттық қор бойынша қабылданған шаралармен бөлісті.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұрақты өкілі бүкіл Орталық Азия аймағында орнықты дамудың кешенді стратегиясын әзірлеуде және тұрақтылық пен өміршеңдікті нығайтуда өңірлік көзқарастағы тәсілдеменің маңызды рөлін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы