Қазақстанға биыл 3,3 мыңнан астам қандас оралды

2026 жылдың басынан бері Қазақстанға 3 335 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

 gov.kz Бүгiн 2026, 14:46
Бүгiн 2026, 14:46
71
Фото: gov.kz

2026 жылдың басынан бері Қазақстанға 3 335 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 168 мыңнан астам этникалық қазақ көшіп келген. Бұл – елдің демографиялық және әлеуметтік дамуына оң әсер ететін маңызды үрдіс.

Биыл елге келген қандастардың басым бөлігі Қытайдан (47,8%) және Өзбекстаннан (43,6%) қоныс аударған. Сондай-ақ Түрікменстаннан – 2,7%, Ресейден – 2%, Моңғолиядан – 2,2% және өзге елдерден 1,7% азамат келген.  2025 жылы қоныс аударған этникалық қазақтардың 58,1%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 33,1%-ы – балалар, ал 8,8%-ы – зейнеткерлер. Бұл көрсеткіш еңбек нарығына жаңа күш келіп жатқанын көрсетеді,- дейді министрлік.

Ал еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейіне келсек, 13,1%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби білім алған. Сонымен қатар 51,9%-ының жалпы орта білімі бар, ал 7,9%-ының білімі жоқ.

Қандастар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстандырылып жатыр. Мемлекет еңбек күші тапшы аймақтарды айқындап, көші-қон саясатын сол бағытта жүргізуде. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары негізгі қабылдау өңірлері ретінде белгіленген.

2026 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 281 адамды құрайды. Жылдың алғашқы екі айында осы өңірлерге 569 адам қоныстанған.Мемлекет тарапынан қандастарды қолдау шаралары да қарастырылған. Қоныс аударушыларға көшу үшін бір реттік субсидия беріледі. Оның мөлшері – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК немесе шамамен 302,8 мың теңге. Сонымен қатар тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер үшін бір жылға дейін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (64,9 мыңнан 129,8 мың теңгеге дейін) төлем қарастырылған.,- деп хабарлады Ведомство.

Жыл басынан бері 139 қандасқа мемлекеттік қолдау көрсетіліп, оның ішінде 108 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бұдан бөлек, ерікті қоныс аудару бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында жаңа тетіктер енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс берушілерді ынталандыру шаралары қарастырылып, тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаты енгізілді. Оның мөлшері – 1 625 АЕК немесе бір отбасыға 7 миллион теңгеге дейінгі өтеусіз қаржылай көмек.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар елдегі демографиялық теңгерімді сақтауға, сондай-ақ еңбек ресурстары тапшылығы бар өңірлерді дамытуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, жыл басында қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер анықталған еді.

Наверх