Қазақстанға жерсіндіру үшін тағы қанша жолбарыс әкелінетіні белгілі болды

Бөлісу:
Қазақстанға жерсіндіру үшін тағы қанша жолбарыс әкелінетіні белгілі болды
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

2024 жылы елімізге Нидерланд мемлекетінен екі жыртқыш жеткізілген болатын. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақшы , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты. Былтыр жануарларды қайта жерсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында дуадақты көбейту орталығы 15 764 құсты табиғатқа жіберді. Прага хайуанаттар бағынан "Алтын дала" қорығына 7 Пржевальский жылқысы әкелінді (6 бие, 1 айғыр, 2029 жылға дейін тағы 40 жылқы әкелу жоспарлануда).

Іле-Балқаш қорығына қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан екі жолбарыс әкелінді. 2025 жылы Ресей Федерациясынан табиғатта өмір сүретін тағы 3-4 жолбарыс жеткізіледі деп күтілуде. Осы аптада Ресей Федерациясынан келген жұмыс тобының мүшелері жолбарыстың мекендейтін жерлерін тексеріп, бекіткен екен.

Құлан популяциясын қалпына келтіру шаралары аясында Іле-Балқаш (42 бас) және Алтын-Дала (24 дара) қорықтарына 66 бас қоныс аударылды.

Қазақстанға жерсіндіру үшін тағы қанша жолбарыс әкелінетіні белгілі болды

Бүгінгі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 137 ғылыми зерттеу тақырыбы бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде Табиғат шежіресін жүргізуде.Табиғи кешендер туралы мәліметтерді жинақтау мақсатында биологиялық әртүрліліктің барлық топтарын қамтитын түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, Зоология институтының басшылығымен барыс, қасқыр, орман суырын бақылау жұмыстары жүргізілуде. Жануарлардың қозғалысын жазу үшін тұрақты негізде камералар орнатылады, – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шарбиев.

Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасы аясында 2024 жылы аумақтарды тазарту және көгалдандыру бойынша жаппай экологиялық акциялар өткізілді, оған 6,2 миллионнан астам адам, оның ішінде 229 мың ерікті қатысты. 1,1 миллион тоннадан астам қалдық жиналып, 1,6 миллионға жуық ағаш отырғызылды.

"Таза Қазақстан" акциясы азаматтардың экологиялық жауапкершілігін дамытуға бағытталған жыл сайынғы іс-шаралар мәртебесіне ие болды.

Қазақстанға жерсіндіру үшін тағы қанша жолбарыс әкелінетіні белгілі болды

Өткен жылдың шілде айынан бастап халық арасында танымал болып келе жатқан @TazaQazBot ақпараттық платформасы іске қосылды. Іске қосылған сәттен бастап платформа 11 мыңнан астам өтінімді қабылдады. Ең проблемалық мәселелер аумақтарды тазалау, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару болып қала береді, - деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Алиев.

Одан бөлек, мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу туралы тапсырмасын іске асыру аясында бірінші кезеңде жалпы сомасы 307,1 млрд теңгеге 65 жоба мақұлданды.

Бұл жобалар тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу қуаттылығын жылына 1,1 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді, сонымен бірге сұрыптау жұмыстары да жылына 2,2 миллион тоннаға артып отырмақшы.

Өзгелердің жаңалығы