Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде Атлант циклонының әсерінен ауа райы тұрақсыз болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі "Қазгидрометке" сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Сондай-ақ боран болып, кей өңірде жел күшейеді.
Метеорологтар атмосфералық фронттардың әсерінен ауа температурасының айтарлықтай ауытқуы және жолдағы көріну қашықтығының нашарлауы мүмкін екенін ескертеді. Автокөлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, әсіресе таңертең және кешкі уақытта, тұман мен көктайғақ кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес беріледі.
Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, керісінше, негізінен құрғақ әрі салыстырмалы түрде жылы ауа райы орнығады. Мұнда жауын-шашын болмайды. Ал күндізгі температура қараша айы үшін жайлы деңгейде сақталады.
Тек Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, - дейді синоптиктер.
Температуралық фон ел бойынша біркелкі болмайды:
- Батыс өңірлерде ауа +5…+15 градусқа дейін жылынады,
- Солтүстік-батыста - 0-ден +10 градусқа дейін,
- Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда - −3…+2 градус шамасында, кей жерлерде аздаған аяз күтіледі.
- Ал оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа райы жылы болып, +5…+15 градус аралығында сақталады.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 7, 8 және 9 қараша күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялаған болатын.