Қазақстанға Қырғызстаннан жіберілетін су көлемі ұлғаяды

18 Маусым 2024, 20:31
230
Бөлісу:
Қазақстанға Қырғызстаннан жіберілетін су көлемі ұлғаяды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстан Қырғызстанмен су көлемін ұлғайту жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл суару маусымында елімізге Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келеді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құрамына қос мемлекеттің өкілдері кіретін Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында тиісті келісімге қол жеткізді.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар Шу және Талас өзендеріндегі су шаруашылығы нысандарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының түрлері мен көлемі туралы да келісімге келді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстанның су ведомстволары елімізге «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 922 млн текше метр су беру жөнінде мәміле жасаған болатын.

Халықаралық ынтымақтастық – біздің министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Суару маусымына дайындық барысында еліміздің оңтүстігіндегі шаруаларды судың қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды, көрші мемлекеттермен маңызды келіссөздер жүргізілді. Бүгінгі таңда Қырғызстанның су ресурстары министрлігінің басшылығымен маусымның үшінші онкүндігінен бастап Шу және Талас өзендері арқылы су беруді ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта қырғыз әріптестерімізбен бірлесіп су беру кестесін ұлғайту бағытында түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы