- Мұқаба
- Жаңалықтар
- “Қазақстанға оралғаныма қуанамын”: Жас ғалым елдің шынайы жағдайын айтты
“Қазақстанға оралғаныма қуанамын”: Жас ғалым елдің шынайы жағдайын айтты
Жас зерттеушілердің үлесі 48 пайызға жетті. Дегенмен ғылымның экономикаға әсері мен тиімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Бүгiн 2026, 17:38
Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы да, ғалымдар саны да өсіп келеді. Алайда бұл өсім нақты нәтижеге айналып жатыр ма? Саладағы өзгерістерді статистика, сарапшы пікірі және жас ғалым тәжірибесі арқылы талдап көрдік.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің BAQ.KZ редакциясына ұсынған мәліметіне сәйкес, 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен (ҒЗТКЖ) айналысатын қызметкерлер саны 28 374 адамға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.
Жас ғалымдардың үлесі де айтарлықтай көбейген. 2021 жылы олардың саны 7 525 адам болса, 2025 жылы 13 592-ге жетіп, жалпы ғылыми кадрлардың 48 пайызын құрады. Бұл ғылымдағы кадрлық құрамның жасарып келе жатқанын көрсетеді.
2025-2027 жылдары ғылыми зерттеулер Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекіткен басым бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында өмір және денсаулық туралы ғылым, ұлттық қауіпсіздік, цифрлық және ғарыштық технологиялар, агроөнеркәсіп, экология, энергия және жаңа материалдар салалары бар.
Қаржыландыру да өсіп келеді. 2020-2024 жылдар аралығында ҒЗТКЖ-ға жұмсалған шығын 116,7 млрд теңгеден 261,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Ішкі шығындардың ЖІӨ-дегі үлесі 0,12 пайыздан 0,16 пайызға дейін өсті. Бұл ғылымға бөлінетін қаражаттың біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді, дегенмен көрсеткіш әлі де салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр.
Аймағамбетов: Ғылымға инвестиция бірден нәтиже бермейді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде ғылымды дамыту бағытында соңғы жылдары қабылданған шаралар мен олардың нәтижелері туралы пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, 2019 жылдан бастап ғылым саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.

Мемлекет басшысы сайланғаннан кейін ең алғашқы қолға алынған мәселелердің бірі осы - ғылымды дамыту болды. Сол уақыттан бері қаржыландыру еселеп өсті және әлі де өсіп жатыр, - деді Аймағамбетов.
Ол тек қаржыландыруды ғана емес, заңнамалық өзгерістерді де атап өтті. Соңғы жеті жыл ішінде ғылыми инфрақұрылым жаңарып, ғалымдардың әлеуетін қолдау бойынша кешенді шаралар қабылданған. Бұл шаралар ғылым саласын жүйелі дамытуға бағытталған.
Депутат атап өткендей, ғылымды дамыту ұзақ мерзімді процесс.
Көптеген азамат ғылым мен білім саласында тез нәтижеге жетуді қалайды, бірақ ғылымға салынған инвестиция бірден жемісін бермейді. Мысалы, бүгін салынған қаржы бірнеше жылдан кейін ғана нақты нәтиже береді. Сондықтан бұл күрделі әлеуметтік институт екенін түсіну қажет, - деді ол.
Аймағамбетов қазіргі таңда нақты оң өзгерістер байқалып отырғанын да жеткізді.
Маман ретінде көріп отырмын: соңғы жылдары зерттеулер саны артты, олардың сапасы мен тереңдігі жақсарды. Ғылым саласына үлкен көңіл бөлініп, нақты нәтижелер алынады деп ойлаймын, - деді депутат.
Сонымен қатар әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытында да бірқатар шара қолға алынған. Оның ішінде ғалымдардың жалақысын бірнеше есе көтеру, тұрғын үй мәселесін шешу, жаңа зерттеу лабораторияларын сатып алу және ғылыми инфрақұрылымды дамыту бар. Бұрын кейбір гуманитарлық бағыттағы ғалымдар қаражатқа қол жеткізе алмай, тек конкурс арқылы қаржыландырылса, енді оларға тікелей қаржыландыру енгізілген.
Депутат атап өткендей, ғылым саласындағы инвестициялар мен қолдау шаралары кешенді түрде жүргізіліп жатыр.
Бұның бәрі мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып келеді. Біз соңғы жеті жылда ғылым саласын жүйелі дамыту үшін нақты шешімдер қабылдадық, енді әріптестеріміз бұл жұмысты жалғастыруда, - деді Аймағамбетов.
“Қазақстанға оралғаныма қуанамын” - жас ғалым тәжірибесі
Саладағы өзгерістерді нақты мысал арқылы да көруге болады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институты, Биотехнология және микробиология кафедрасының доцент м.а. Жадырасын Нұрбекова ғылымдағы кәсіби жолы, халықаралық тәжірибесі және Қазақстан ғылымының қазіргі даму деңгейі туралы айтып берді.

Мен академиялық білімімді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бастадым. Осы оқу орнында бакалавриат және магистратура бағдарламаларын тәмамдадым. Кейін Израиль мемлекетінің Бен-Гурион университетінде PhD дәрежесін сәтті қорғадым. Одан кейін Бен-Гурион университетінің Крайтман жоғары мектебінде халықаралық постдокторлық стипендияны жеңіп алып, екі жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстым, - деді ғалым.
Ол Израильде жеті жыл жұмыс істеген. Сол кезеңде Жадырасын Жапония және Германия елдерінде ғылыми тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болған.
2023 жылы Қазақстанға оралып, өзімнің альма-матерім – Еуразия ұлттық университетіне келдім. Қазіргі уақытта Жаратылыстану ғылымдары институтында Биотехнология және микробиология кафедрасында доцент міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жатырмын, - деп ғылымға қалай келгені жайлы айтты Жадырасын Нұрбекова.
Оның ғылыми бағыты агрокультура және өсімдіктер физиологиясымен байланысты. Сөзінше, ғалымның магистратура және докторантура кезеңіндегі ғылыми жұмыстары өсімдіктердің абиотикалық стресс жағдайындағы физиологиялық ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған.
2024 жылы Израильдегі Бен-Гурион университетінің ғалымдарымен бірлесіп халықаралық деңгейде маңызды ғылыми нәтижеге қол жеткіздік. Бұл зерттеу барысында өсімдіктердің қартаю үдерісіне жауап беретін альдегидоксидаза генінің функциясын анықтадық. Аталған ғылыми мақалада мен бірінші автормын. Қазіргі уақытта өсімдіктер мен микроорганизмдердің өзара әрекеттесуін зерттеумен айналысып жатырмын. Атап айтқанда, абиотикалық стресс жағдайында микроорганизмдердің өсімдік физиологиясына әсерін қарастырудамыз. Бұл ғылыми зерттеу қытайлық ғалымдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр, - дейді ғалым.
Қазақстан мен шетел ғылымының айырмашылығы жас ғалымның көзімен
Ғалымның пікірінше, Қазақстан ғылымы қарқынды дамып келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан ғылымы да қарқынды дамып жатыр деп айта аламын. Айырмашылық көбіне жүйеде болуы мүмкін, - дейді Жадырасын Нұрбекова.
Ол шетелдегі зерттеу орталықтарының жұмыс тәртібіне тоқталды.
Мысалы, Жапонияда ғылыми-зерттеу институттарында зерттеушілерге зертханаға тәулік бойы кіруге мүмкіндік берілген. Арнайы ID-карта арқылы кез келген уақытта ғылыми жұмыстар жүргізуге болады. Қазақстанда мұндай жүйе әлі толық енгізілмегенімен, ғылыми инфрақұрылым біртіндеп жетілдіріліп келеді.

Сонымен қатар шетелдік университеттерде студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қаржылық қолдау қарастырылған. Кейбір университеттерде әр студентке дипломдық жұмысқа арналған арнайы қаржы бөлінеді және студенттер бұл қаражатты ғылыми жетекшісімен бірге басқару мүмкіндігіне ие.
Ғалымдарға қолдау: баспана, грант және жалақы
Қазақстанға оралғаннан кейін ғылым саласында айтарлықтай оң өзгерістер бар екенін байқадым. Қазіргі таңда халықаралық ғылыми байланыстар кеңейіп, жас ғалымдарға арналған мүмкіндіктер саны артып келеді. Шынымды айтсам, Қазақстанға оралғаныма қуанамын. Өйткені жастарға қолдау көп, ғылым жақсы дамып жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың бірі – жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламалары. Мен жас ғалым ретінде түрлі ғылыми жобаларға қатысып, мемлекеттік қолдау аясында пәтер кілтіне ие болдым. Бұл ғылым саласындағы мамандарды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік шаралардың бірі деп есептеймін, - дейді ғалым.
Жадырасын Нұрбекова атап өткендей, қазіргі уақытта ғалымдардың жалақысы заңнамалық деңгейде бекітілген. Сонымен қатар гранттық қаржыландыру арқылы шетелдік ғылыми іссапарларға шығуға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндіктер халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен ғылыми мақалалар жариялауға оң әсер етеді.
Университет деңгейінде де ғылымды қолдауға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Мысалы, Еуразия ұлттық университетінде ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған “JANA ASU” бағдарламасы бар. Егер ғылыми жаңалық практикалық маңызға ие болса, университет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі.
Бұған дейін мемлекет ғалымдарға қандай жағдай жасап жатқанын жазған болатынбыз.

ЖИ және ғылым
Жасанды интеллект ғылыми жаңалықтарды тікелей ашуға мүмкіндік береді деп айту қиын. Алайда ол қажетті ақпаратты жылдам іздеуге көмектесіп, зерттеушінің уақытын үнемдейді. Соның нәтижесінде ғалым ғылыми мәселелерге көбірек көңіл бөле алады. Қазіргі уақытта студенттердің ғылымға деген қызығушылығы артып келеді. Көптеген жас зерттеушілер студент кезінен бастап Scopus немесе Web of Science деректер базасына енгізілген халықаралық ғылыми журналдарда мақалаларын жариялап жатыр. Бұл ғылым сапасының артып келе жатқанын көрсетеді, - деп атап өтті ғалым.
Сонымен қатар ғылым ұзақ мерзімді еңбекті талап ететін сала екенін ескеру қажет. Ғылыми нәтижеге қол жеткізу үшін табандылық пен жүйелі зерттеу жұмысы қажет.
Мысалы, мен өзімнің алғашқы ғылыми мақаламды Израильде төрт жылдан кейін ғана жарияладым, - деп айтты ол.
Жадырасын Нұрбекованың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда ғылыммен айналысамын деген жастар үшін мүмкіндік мол. Қазіргі кезде ғылымның дамуының өте жақсы кезеңі болып жатыр. Жастарға мүмкіндік көп, тек оны дұрыс пайдалану керек.
Ғылымдағы негізгі проблемалар
Ғылым министрлігінің ақпаратынша, 2025 жылғы оң нәтижелерге қарамастан, ғылымды дамытуда бірқатар жүйелі шектеу сақталып отыр.
Біріншіден, ЖІӨ-нің ғылым қажеттілігіне деңгейі төмен болып отыр.
Екіншіден, тұрақты сыртқы бюджеттен тыс инвестициялар көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты ғылымның бюджеттік көздерге тәуелділігі жоғары болып отыр.
Үшіншіден, ғылыми саланың өңірлік дамуының диспропорциялары мен кадрлар мен инфрақұрылымның тек шектеулі ғылыми орталықтар мен университтетрде шоғырлануы. Десе де бұл проблемаларды шешу үшін министрлік мақсатты жұмыстар жүргізіп жатыр.
Заңдар қандай өзгеріс әкеледі?
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Жайық Тоқтаров ғылым саласын дамытуға бағытталған жүйелі реформалар туралы айтты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң әзірленген. Құжат ғылымды басқару жүйесін жаңғыртуға және ғылыми әзірлемелерді нақты экономикамен байланыстыруға бағытталған.
Біріншіден, заңда ғылыми әзірлемелердің технологиялық дайындық деңгейін (TRL) анықтаудың халықаралық стандарттары енгізілген. Бұл отандық ғылым нәтижелерін әлемдік талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруды күшейту көзделген. Осы бағытта Ғылым қорына акселерация, технологиялық бизнес-инкубация, технологиялық брокерлік және венчурлық қаржыландыру құралдары арқылы ғылым субъектілеріне қолдау көрсету функциялары берілген.
Үшіншіден, өңірлік ғылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Жаңа нормаларға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ғылымды басқару және әкімшілендіру үдерісіне тартылады. Әкімдіктерге өңірлік ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру үшін қажетті өкілеттіктер ұсынылған.
Төртіншіден, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) инвестициясын ынталандыратын нормалар күшіне енді.
Бесіншіден, ғылым саласында деректердің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру қарастырылған. Бұл ғылыми-техникалық ақпаратты басқарудың тиімді жүйесін құруға негіз болады.
Алтыншыдан, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі қайта қаралып, оған ерекше ұйымдық-құқықтық нысандағы жоғары ғылыми ұйым статусы берілуде. Сонымен қатар, жетекші ғалымдардан жаңа құрам жасақталып, бейіндік бөлімшелер құрылды.
Жетіншіден, ғылымды қаржыландыру және әкімшілендіру рәсімдері жетілдіріледі. Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс аясында ғылыми жобаларды іске асыру кезінде тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу мен ғалымдардың еңбекақысын төлеу тәртібі нақты регламенттеледі.
Жайық Тоқтаровтың айтуынша, қабылданған шаралар ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, салаға жастарды тартуға жол ашады.
Осылайша, Қазақстанда ғылым саласы сандық көрсеткіштер бойынша өсіп келеді: кадрлар саны артты, қаржыландыру көбейді, жас ғалымдардың үлесі ұлғайды.
Алайда ғылымды дамытудың сапалық көрсеткіштері – оның экономикаға әсері, халықаралық бәсекеге қабілеттілігі және өңірлік теңгерімі – әлі де жүйелі жұмысты талап етеді.
Қазіргі реформалар мен жаңа заңнамалық өзгерістер осы мәселелерді шешуге бағытталған. Ал олардың нақты нәтижесі алдағы жылдары айқындала түспек.
Ең оқылған:
- ЖИ жүргізушілерді қалай бақылайды: Қазақстан жолдарында не өзгеруде?
- Бағаны өсірген компания жауапқа тартылды: Түркістан облысында газ арзандады
- Ақтөбеде ЦОН-да жалған құжат жасаумен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталды
- "Бәріңді бауыздаймын!": Астанада пышақ кезенген ер адам тұрғындардың үрейін ұшырды
- Бразилияда қазақстандық спортшылар өнер көрсеткен стадион өртенді
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА