Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанның ішкі нарығын шетелден әкелінетін сапасыз және заңсыз көліктерден қорғау қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ЕАЭО елдері арқылы үшінші елдерден, әсіресе Жапониядан келген оң рульді автокөліктер елімізге заңсыз кіргізіліп жатыр.
Соңғы екі жылда Қазақстанға осындай 56 мың көлік кіріп, мемлекетке 70 миллиард теңге көлемінде экономикалық залал келген деген бейресми деректер бар, - деді ол.
Ерлан Саиров атағандай, бұл көліктер автокөлік бөлшектері ретінде Қазақстанға кіргізіліп, кейін ел ішінде қайта құрастырылып, жаңа құжаттармен рәсімделеді.
Бұл әрекет заңды айналып өту тәсілі ретінде пайдаланылып отырғаны айтылды.Сарапшылардың пікірінше, мұндай механизм ел экономикасына жүздеген миллиард теңге шығын әкелуі мүмкін, - дейді ол.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы мәселе туралы ақпаратты растады.
Ондайды естігеніміз бар. Көлік бөлшек ретінде кіріп, құрастырылады. Бірақ 56 мың көлік деген ақпаратты естімедік, - деп жауап берді ол.
Министр Мәжіліс депутатының өтінішін ескеріп, уәкілетті органдарға тексеру жүргізуді тапсырмақ.