Қазақстан экспортындағы ең жоғары сұранысқа ие тауарлар – шикізат өнімдері, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның экспортында шикізат өнімдері, оның ішінде мұнай, уран және мыс алдыңғы қатарда тұр. Сауда және интеграция министрлігінің BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, шикізат экспорты елдің жалпы сыртқы саудасының 60 пайызы.
Жалпы, халықаралық сауда – елдер арасындағы тауар мен қызмет алмасу процесі. Бұл алмасу негізінен екіге бөлінеді: шикізаттық және шикізаттық емес экспорт. Шикізаттық емес экспорт – бұл дайын өнімдер, яғни қосылған құны жоғары тауарлар (мысалы, машина, жабдықтар, азық-түлік өнімдері, киім, т.б.). Қазақстанның экспорт құрылымында шикізаттық өнімдердің үлесі басым. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, еліміздің табиғи ресурстарға бай болуы – мұнай, газ, металдар, астық сынды өнімдерді шетелге сатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, шикізатты өндіру мен сату дайын өнім шығару процесіне қарағанда жеңілірек әрі тезірек табыс әкеледі, - дейді QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыр.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, шикі мұнай экспорты $42,9 млрд болып, жалпы экспорттың 52,5% үлесін алған.
Уран – $4,6 млрд (5,6%), бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 31%-ға өскен.
Катодты мыс – $4,1 млрд (5,1%), аталған тауар бойынша да, 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға өскен.
Сонымен қатар тұрақты сұранысқа ие өнімдер қатарында:
- мыс рудалары,
- ферроқорытпалар,
- табиғи газ,
- бидай мен ұн,
- терең өңделген өнімдер (полимерлер, майлар, ұшу аппараттары),
- ет және өзге де мал шаруашылығы өнімдері бар.
Сұраныс себептері неде?
Ведомствоның айтуынша, бұл сұраныс ең алдымен Қазақстанның бай ресурстық әлеуетімен, Қытай, ЕО және Орталық Азия секілді негізгі тұтынушы елдерге географиялық жақындығымен, сондай-ақ әлемде стратегиялық шикізат тапшылығының артуымен байланысты.
Мәселен, Қазақстан уран экспортында әлемдік үштікке кіреді. Сонымен қатар катодты мыс пен табиғи ресурстар "жасыл экономика" қажеттілігіне сай артып жатқан сұранысты қамтамасыз етеді. Мұнай да халықаралық бағыттар арқылы (соның ішінде КҚК желісімен) жеткізіліп отыр.
Агроөнеркәсіптік өнімдерге – ұн, бидай, ет – сұраныс жоғары. Оған себеп – өнім сапасының жоғары болуы, бағасының бәсекеге қабілеттілігі және Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай нарықтарына логистика мүмкіндігінің тиімділігі. Сонымен қатар, Қазақстанның аграрлық әлеуеті Орта Азия елдеріне ғана емес, сондай-ақ Таяу Шығыс елдері үшін де маңызды жеткізуші болуға мүмкіндік береді. Географиялық орналасу, өнім көлемін тұрақты түрде ұлғайту және логистика инфрақұрылымының дамуы біздің елге өңірлік азық-түлік орталығына айналуына жол ашады.
Экономикаға пайдасы қандай?
2024 жылғы экспорттан түскен валюталық түсім $81,6 млрд болды. Сауда балансының оң сальдосы $21,8 млрд-қа жеткен. Сондай-ақ, соңғы бес жылда Қазақстанның экспорттық әлеуеті 2 есеге өсіп, жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктері артты.
Экспорттық секторлар елдегі ЖІӨ мен жұмыспен қамту құрылымында маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ ішкі өндірісті өңдеуге бет бұру мен дайын өнім импортына тәуелділікті азайту – экспорттың жанама пайдасы ретінде аталды.
Қазақстан тауарларын қай елдер ең көп сатып алады?
Қазақстандық тауарлар негізінен көршілес Қытай мен Ресейге, сонымен қатар Еуропалық одақ елдеріне – әсіресе Италия, Нидерланды және Францияға экспортталады. Сондай-ақ Түркия мен Орталық Азия мемлекеттеріне де тұрақты жеткізіледі. Аталмыш елдердің өзі 2024 жылғы деректерге сәйкес Қазақстан экспортының 60 пайыздан астамын қамтиды.
Қазақстан экспорты көбіне шикізаттық тауарларға негізделгенімен, соңғы жылдары өңделген өнімдердің де сыртқы нарықтардағы үлесі артып келеді. Еуроодақ елдері, Қытай, Ресей, Түркия және Орталық Азия мемлекеттері біздің елден тек мұнай мен металды ғана емес, сонымен қатар сапалы бидай, азық-түлік өнімдері, күнбағыс майы, бидай ұны және қант сияқты агроөнеркәсіптік тауарларды да тұрақты түрде сатып алуда. Демек, алдағы уақытта Қазақстан тек шикізат емес, жоғары қосылған құнды өнімдермен де халықаралық нарықта өз орнын күшейтуге толық мүмкіндігі бар.
Былтыр Қазақстан әлемнің 150-ден астам елімен сауда қатынасын нығайтып, сыртқы сауда айналымын 141,4 млрд долларына дейін жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2 млрд. долларға артық. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанның жалпы сауда айналымы 60%-ға дейін өсіп, сыртқы экономикалық байланыстардың ауқымы мен серпіні айтарлықтай артқаны байқалады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың экспорттық салығы Қазақстанға қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?
АҚШ президенті Дональд Трамптың 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25% бірыңғай баж салығын енгізу туралы шешімі Қазақстан экспортына қалай әсер етуі мүмкін? QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыр түсіндірген еді.
Қазақстанда экспорт артады, бірақ үлкен кедергі бар
Қазақстан экспорты алдағы жылы 5–6 пайызға артуы мүмкін. Алайда экономист Сапарбай Жобаев геосаяси факторлар мен көрші елдермен қатынастар экспорттық серпінді баяулатуы мүмкін екенін айтқан еді.