Қазақстандықтарға жалға берілген үйлерді сатып алуға мүмкіндік беріледі

21 Қыркүйек 2023, 17:02
1184
Бөлісу:
Қазақстандықтарға жалға берілген үйлерді сатып алуға мүмкіндік беріледі
Фото: Артём Чурсинов - архив

Алдағы уақытта жалға берілген үйлерді сатып алуға мүгедек жандарға, жетімдерге мүмкіндік берілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жалға берілген 36 мың пәтер тозып жатқанын айтқан еді. Енді бұл үйлер жекешелендірілуі мүмкін бе? Себебі Мәжілістегі заң жобасы шеңберінде осы сұрақ қаралып жатыр деген ақпарат бар, - деп сұрады журналистер ОКҚ алаңында брифингке қатысқан спикерлерден.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков бұл сұраққа жауап берді.

Негізінен несиелік тұрғын үйді қаржыландыру толығымен тоқтатылып, жалға берілетін баспанаға көшеміз деп жоспарланған болатын. Бірақ бұл жалға берілетін тұрғын үй. Оны кейін жалға алушылар міндетті түрде сатып ала алатындай тетіктер болады, - деді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл үйлерді сатып алуға мүгедек жандарға, жетімдерге мүмкіндік берілуі мүмкін.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясаты департаменті Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Ерлан Құлышев осы мәселеге қатысты заң жобасы Мәжілісте қаралып жатқанын атап өтті.

Қазіргі күні нақты шешім қабылданған жоқ. Қазір заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Әлі шешім қабылданған жоқ. Көреміз қарастырамыз. Мәселе 1 жылдың ішінде шешілуі мүмкін, - деп айтты ол брифингте.

Бұл мәселені мүгедек жандар және интернатта тәрбиеленген балалар көтергенін биылғы ақпан айында Үкімет отырысынан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев журналистерге берген сұқбатында айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы