Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне сапар жоспарлаған азаматтарға арналған ұсынымдарын жаңартты. Ведомство мәліметінше, Египет Араб Республикасы бұрын баруға ұсынылмайтын елдер тізімінен шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шешім өңірдегі қазіргі жағдайды талдау, азаматтық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі, халықаралық әуежайлардың қызметі және негізгі туристік аймақтардағы қауіпсіздік деңгейін ескере отырып қабылданған.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты СІМ бірқатар мемлекетке сапардан уақытша бас тартуды ұсынады.
Атап айтқанда, келесі елдерге бармау жөніндегі ұсыным күшінде: Бахрейн, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Катар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия.
Аталған елдердің аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қауіпті аймақтарға бармау ұсынылады.
Сондай-ақ жергілікті билік органдарының нұсқауларын қатаң сақтау, оның ішінде зымыран қаупі туындаған жағдайда дереу паналау орындарына бару қажеттігі ескертілді.
Төтенше жағдайларда жедел көмек алу үшін қазақстандықтарға шетелдегі дипломатиялық өкілдіктермен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу ұсынылады.