Бұған дейін БАҚ беттерінде 16 млн қазақстандықтың жеке деректері тарап кеткені жайлы ақпарат шыққан болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізуде.
Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ, - делінген ведомствоның мәлімдемесінде.
Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау ерте.
Егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі осындай жағдайларда жарияланған деректер ескі ақпараттық базалардан – негізінен қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйымдарынан алынған ескі мәліметтер болған.
Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады.
Бұған дейін қазақстандықтардың жеке деректерін сатумен айналысқан топ құрықталғанын жаздық.