Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бір жылда 11,4% өсті

29 Наурыз 2023, 11:45
599
Бөлісу:
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бір жылда 11,4% өсті
Фото: gov.kz

2023 жылғы 1 наурызда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының жеке шоттарында 15,13 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты, деп хабарлайды BAQ.KZ қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері 01.03.2023 ж. дейін олардың өсімі 466,2 млрд теңге (3,2%) болды. Өткен жылдың сәйкес  күнімен салыстырғанда зейнетақы жинақтарының көлемі 1,54 трлн теңгеге (немесе 11,4%) өсті. 

Мұндай өсім жарналар мен инвестициялық табыс түріндегі кіріс ағындарын, сондай-ақ, зейнетақы төлемдері түрінде, оның ішінде кесте бойынша және біржолғы - тұрғын үй мен емделуге, мұрагерлік, жерлеу, тұрақты тұруға кету және т. б. бойынша қалыптасты.

Қазақстандықтардың жинақтарының 97%-ы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасты. 2023 жыл 1 наурыздағы жағдай бойынша МЗЖ көлемі 14,7 трлн теңге (бір жылдағы өсім - 11,1%, жыл басынан бері - 3,1%) болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы өткен жылдың 1 наурызынан бастап 21%, жыл басынан бері 4,7% ұлғайып, 466,4 млрд теңгені құрады. Ең үлкен өсімді (жылына 2 еседен астам) көлемі 3,8 млрд теңгені құрайтын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. 

Биылғы жылдың 2 айында салымшылардың (алушылардың) шоттарына 319,6 млрд теңге мөлшерінде зейнетақы жарналары түсті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30% немесе 74 млрд теңгеге жоғары.  Айта кетейік, өсім жарналардың барлық түрі бойынша орын алды: МЗЖ - 30%, МКЗЖ - 25%, ЕЗЖ - 70%. 

Салымшылардың (алушылардың) шоттарына шамамен 204,5 млрд теңге таза инвестициялық табыс түрінде түсті. Бұл олардың зейнетақы жинақтарының өсуіне ықпал етті.  2023 жылғы 1 наурызда жүзеге асырылған төлемдерді ескере отырып, зейнетақы жинақтарының құрылымында жинақталған таза кірістің үлесі 36,2% тең болды. 

2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,13 млн бірлікке жетті. Оның ішінде МЗЖ бойынша - шамамен 11 млн, МКЗЖ бойынша - 603,7 мың, ЕЗЖ бойынша – 364,8 мың бірлік. 

Жыл басынан бері БЖЗҚ шамамен 65,15 млрд теңге төледі. Жасына байланысты төлемдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 46% ұлғайып, 24 млрд теңгеден асты. Айта кету керек, Қордан кесте бойынша орташа айлық төлемнің мөлшері (зейнет жасына толуына байланысты) 32 065 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 742 692 теңгені құрады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде орташа айлық төлем сомасы 29 302 теңгені құраса, ай сайынғы ең жоғары  төлем 707 326 теңге болған еді.  

Төлемдердің едәуір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған 22,5 млрд теңге мөлшеріндегі біржолғы зейнетақы төлемдері (БЖТ) құрады. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 есе аз. Сондай-ақ жыл басынан бері мұрагерлік бойынша - 8,1 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты – 6 млрд теңге, мүгедектік бойынша  – 473,3 млн теңге, жерлеуге байланысты төлемдер – 913,7 млн теңге мөлшерінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 3,1 млрд теңге аударылды.

Зейнетақы активтері бойынша, оның ішінде республика өңірлері бөлінісіндегі статистикалық деректер туралы барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде орналастырылған.

Өзгелердің жаңалығы