Депозитке салатын ақшаның артуы бірнеше негізгі факторға байланысты. Бұл туралы Ұлттық банк ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банк мәліметінше, депозиттік жинақтардың өсуіне ең алдымен халық табысының артуы әсер етіп отыр. Оған жалақы, әлеуметтік төлемдер мен өзге де түсімдердің көбеюі жатады. Артық табыс болған жағдайда азаматтар қаражатты көбіне депозитке салуды құп көреді.
Сонымен қатар депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы маңызды рөл атқарады. Әсіресе инфляция баяулаған жағдайда бұл мөлшерлемелер өзге жинақ құралдарымен салыстырғанда анағұрлым тартымды бола түседі.
Ұлттық банк депозиттерге кепілдік беру жүйесін де негізгі ынталандырушы фактор ретінде атап өтті. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы жинақ салымдарына 20 млн теңгеге дейінгі мөлшерде кепілдік беріледі. Бұл банк секторына деген сенімді арттырып, халықты жинақ қаражатын ресми арнада сақтауға ынталандырады.
Бұған қоса, қаржылық сауаттылықтың артуы, цифрлық банкинг қызметтерінің кеңеюі, тұрғын үй және жинақтау бағдарламаларына қатысу деңгейінің өсуі де депозиттік салымдарды көбейтіп отыр. Онлайн сервистер мен мобильді қосымшалардың ыңғайлылығы да маңызды рөл атқарады.
Ұлттық банк мәліметінше, бұл үрдіс – макроэкономикалық, әлеуметтік және институционалдық факторлардың, сондай-ақ халықтың қаржылық мінез-құлқындағы өзгерістердің нәтижесі.
Бұған дейін экономисит Қазақстанда несиелердің пайыздық мөлшерлемесі неге арзандамайтынын түсіндірген еді.
Сондай-ақ Ұлттық қордың 2024-2025 жылдары қанша пайдаға кенелгенін жазған едік.