2035 жылға қарай артық салмақ пен семіздіктен әлемдік экономиканың шығыны 4 трлн АҚШ долларынан асады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жер тұрғындарының жартысынан көбі 2035 жылға қарай артық салмақтан немесе семіздіктен зардап шегеді. Дүниежүзілік семіздікке қарсы федерация World Obesity Atlas жаңа есебінде осындай болжам жасады.
Әлем үшін экономикалық шығын жыл сайын 4 триллион доллардан асады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 3%-ына тең. Мұны 2020 жылғы COVID-19 пандемиясының қаржылық салдарымен салыстыруға болады.
Семіздік пен артық салмақ қосудың басты себебі - энергияны қабылдау мен оны тұтыну арасындағы теңгерімсіздік. Яғни, семіздік ағзаның энергетикалық шығындары сіңірілетін тағамның энергетикалық құндылығынан бірнеше есе төмен түсе бастаған сәтте дамиды. Сондықтан іш қабырғасында, тері астындағы тіндерде, бездерде және басқа аймақтарда жиналатын артық майдың тұнбасы пайда болады. Бірақ егер зиянды азайту тұжырымдамасын қолданып, зиян баламаларды ұсыну арқылы адамның өмір салтын түзететін болсақ, онда біртіндеп теңдестірілген тамақтануға көшуге, жаман әдеттерден бас тартуға, дене шынықтырумен айналысу кезінде дене салмағының сау болуына қол жеткізуге болады, - деп атап өтті нарколог-дәрігер, С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, «Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы» РҚБ президенті Сағат Алтынбеков.
Қазақстанның ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 20%-дан астамы семіздікке шалдыққан. Семіздік физикалық және психологиялық жайсыздық туғызады. Сонымен қатар қант диабеті, миокард инфарктісі, атеросклероз, гипертония және басқа аурулардың өршу қаупін арттырады.
Бұл тенденциялар сақталса, 2035 жылға қарай әлемде 4 миллиардтан астам адамның артық салмағы болады, олардың 2 миллиардында семіздік болады. Бірінші кезекте халықтың табысы төмен Африка мен Азия елдеріне әсер етеді. Бұл елдердегі мәселенің негізгі түбірі, сарапшылардың пікірінше, құрамында әртүрлі қоспалар бар арзан өңделген тағамдарды тұтыну.
Азия мен Африка елдеріндегі семіздіктің басқа себептері тамақтануды бақылау институттарының болмауы, әлсіз маркетингтік саясат, салмақ проблемаларының себептері мен салдары туралы халықтың хабардар болмауы және отырықшы өмір салты болуы мүмкін.
Ұйымның сарапшылары аурудың алдын алу және емдеу бойынша кешенді ұлттық іс-қимыл жоспарларын құрудың маңызын атап көрсетеді және мәселені шешу үшін үйлестірілген әрекеттерсіз семіздік деңгейі тек жоғарылауы мүмкін екенін ескертеді. Бұған жас ұрпаққа бағытталған сауықтыру, әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың барлық түрін мемлекеттік қаржыландыру арқылы жол бермеуге болады.
Биылғы Атлас бүгін семіздік мәселесін шешпей, болашақта ауыр зардаптарға ұшырау қаупі барын ескертеді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік деңгейі алаңдатады. Барлық елдің үкіметтері мен саясаткерлері медициналық, әлеуметтік және экономикалық шығындарды жас ұрпаққа қалдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Егер біз бүгін бірге әрекет ете бастасақ, болашақта миллиардтаған адамға көмектесуге мүмкіндігіміз болады, - деді Дүниежүзілік семіздікке қарсы федерацияның президенті, профессор Луиза Баур.