Қазақстанда банк ұйымдарынан түскендей болып көрінетін жалған қоңыраулар мен хабарламалар арқылы жасалатын интернет-алаяқтық оқиғалары күрт артты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша мұндай құқықбұзушылықтың шамамен 4,3 мың дерегі тіркелген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көп.
Көбіне мұндай схемалардың құрбаны Астана, Қарағанды және Павлодар облыстарының тұрғындары болады. Бұл өңірлерге ел бойынша барлық жағдайлардың үштен бірі тиесілі.
Жалпы интернет-алаяқтық деректері де өсіп келеді, бірақ қарқыны сәл төмен. 2025 жылдың 8 айында 17,2 мың дерек тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық.
Көрсеткіш бойынша көшбасшылар – Астана, Алматы, сондай-ақ Қарағанды мен Павлодар облыстары. Әсіресе Павлодар облысы халық санына шаққанда интернет-алаяқтықтың ең жоғары деңгейімен ерекшеленеді.