Алдағы бірер жылда Қазақстаннан бірнеше елге рейс ашылады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышев алдағы уақытта қандай бағытта жаңа рейстер ашылатынын хабарлады.
Жаңа рейстер ай сайын ашылып жатыр. Жазғы маусымда курорттық жерлерге де бағыттар ашылды. 2025 жылы Мюнхенге, Шанхайға, Гуанчжоуға, Сианьға, Ошқа рейстер ашылды. 2026-2027 жылдары Токиоға рейс ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Сингапур. 2027-2028 жылдары АҚШ-қа, дәлірек айтқанда, Нью-Йоркке бағыт ашу жоспарда бар, - деп айтты Дархан Катышев конференция кулуарында.
Қазақстанда "Орталық Азия – Қытай" (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы басталды.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасының авиация саласындағы басшылары, азаматтық авиация агенттіктері мен аэронавигациялық қызметтердің өкілдері қатысып жатыр.
Еске салсақ, биыл қазақстандық әуе нарығы бес жаңа лоукостерлерге енгенін және Қазақстаннан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер қашан ашылатынын хабарлаған болатынбыз.