Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Ресейдегі дипломатиялық өкілдіктері Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдумда дауыс беру үшін бес сайлау учаскесін ұйымдастырады, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары 2022 жылдың 5 маусымында №265 сайлау учаскесі орналасқан Ресейдегі Қазақстан Республикасының елшілігінде дауыс беруге қатыса алады, - деп жазды Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінің баспасөз қызметі.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыдағы Қазақстанның бас консулдықтарының жанындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге болады. Сайлаушылар тізіміне енгізу үшін ұсынылған форманы толтыру қажет. Сайлау учаскесіне келген кезде өзімен бірге Қазақстан азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігі болуы керек.