Қазақстан азаматтары визасыз ғана емес, тіпті шетелдік төлқұжатсыз да бара алатынын білесіз бе? 2025 жылдың басында Қазақстан азаматтары 41 мемлекетке, сондай-ақ Қытай құрамына кіретін Макао және Гонконг сияқты екі арнайы әкімшілік аумаққа визасыз кіре алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алайда визасыз режим әрдайым төлқұжатсыз кіруге болатынын білдірмейді. Мысалы, Оңтүстік Кореяға кіру үшін 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап алдын ала электронды рұқсат (K-ETA) алу қажет. Ал Намибияға келген кезде виза әуежайда автоматты түрде беріледі.
Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары жеке куәлікпен ғана кіре алатын елдер де бар.
Төлқұжатсыз баруға болатын елдер
Ресей – Қазақстан азаматтарына елге еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстандықтар Ресейге тұрақты әуе рейстері немесе құрлықтық өткізу бекеттері арқылы бара алады.
Ересектер елге ұлттық төлқұжат немесе Қазақстан Республикасының жеке куәлігімен кіре алады. 16 жасқа дейінгі балаларға шекарадан өту үшін туу туралы куәлік немесе ұлттық төлқұжат қажет.
Қазақстан азаматтары Ресейде 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады. Егер елде 30 күннен артық (бірақ 90 күннен аспайтын) уақыт болатын болса, онда миграциялық есепке тұру қажет.
Қырғызстан – Қазақстан азаматтарына елге еркін кіруге және тұруға мүмкіндік береді. Алайда, елде болу мерзімі әр 180 күннің ішінде 90 күннен аспауы керек.
Ересектерге шекарадан өту үшін жеке куәлік жеткілікті. 16 жасқа дейінгі балаларға Қырғызстанға кіру үшін міндетті түрде шетелдік төлқұжат қажет.
Түрікменстан – Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес, Атырау және Маңғыстау облыстарында тұратын Қазақстан азаматтары Балқан уәлаятының аумағына 5 күнге дейін виза рәсімдеусіз кіре алады. Олар шекарадан өту үшін ұлттық төлқұжатпен қатар, осы облыстарда тұрақты тұратынын растайтын жеке куәлігін көрсетуі тиіс.
Өзбекстанмен келісімдер
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасында азаматтардың жеке куәлікпен шекарадан өтуіне рұқсат беру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Егер бұл келісім күшіне енсе, қазақстандықтар Өзбекстанға да төлқұжатсыз кіре алатын болады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мұндай келісім Қырғызстан мен Өзбекстан арасында іске қосылған.
Ресми ақпарат
Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің ресми деректері бойынша, Қазақстан азаматтары жеке куәлікпен тек Ресей мен Қырғызстанға ғана кіре алады. Өзбекстанмен мұндай келісімдер әлі күшіне енген жоқ.
Бұған дейін біз қазақстандықтардың 2025 жылы қай елдерге визасыз бара алатынын жазған болатынбыз. Сондай-ақ, шетелдік төлқұжаттың жарамдылық мерзімі аяқталған немесе бос беттері таусылған жағдайда не істеу керектігі туралы да ақпарат берген едік.