2025 жылдың алғашқы 6 айында Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне азаматтардан 37 мыңнан астам өтініш түскен. Шағымдардың басым бөлігі бөлшек саудаға (41,2%), электрондық коммерцияға (26,3%), сондай-ақ коммуналдық қызметтерге, тұрмыстық қызмет көрсету мен тамақтандыру саласына қатысты болды. Дегенмен, жөндеу жұмыстарына қатысты бөлек қарастыратын шағымдар бар. Қазақстандықтар тұрғын үйлерін белсенді түрде жаңартып жатыр. Бірақ, осы тұста құрылысшыларға сұраныс артқан сайын азаматтарды алдап кету жағдайлары да көбейіп отыр. Сенімсіз шеберлер клиенттердің сенімін пайдаланып, ақша табуды жалғастыруда. BAQ.KZ тілшісі қазақстандықтардың пәтер жөндету кезінде қалай алданып жатқанына талдау жасады.
7 миллион теңге жоғалтты
Берік Калимов алғаш рет ТОО "KEN Remont" компаниясына әлеуметтік желілер арқылы сенім артқанын еске алады. Олардың "Da Vinci" ТК-дегі кеңсесі, ұсыныстары бар сайты және оң пікірлері сияқты нәрселердің барлығы сенімді көрінген.
Офис, мәрмәр әріптер, "KEN Remont" атауы дегендердің барлығы сенімді көрінді. Мен олардың парақшасын, пікірлерін, жөндеу пакеттері туралы сайтын қарадым да, хабарласуға шешім қабылдадым. Кейін түсінгенімдей, көптеген пікір жалған болып шықты, – дейді Калимов.
Белгілі болғандай, менеджерлер онымен пәтерді толықтай жөндеп беруге шамамен 7 миллион теңгеге келісім жасаған. Алғашқы екі траншқа шамамен 5 миллион төлеген, бірақ әрі қарай жұмыс тоқтаған.
Шын мәнінде, мен дизайнерден қарапайым PDF-жобадан басқа ештеңе алған жоқпын (3D-визуализациясыз). Екінші транштан кейін компания байланысқа шықпай кетті. Мен оларға жаздым, қоңырау шалдым, көрсетілген мекенжайға бардым. Бірақ жауаптың орнына олар немқұрайлық танытты, – деп атап өтті Калимов.
Тіпті қосымша келісім де көмектеспеген. Ақша қайтарылмаған.
Бұл компаниядан зардап шеккендер көп екенін кейіннен білдім. Жалпы шығындар жүздеген миллион теңгеге жеткен. Қайырбек есімді бас директор әлі де қарыздар реестрі тізімінде тұр, – дейді Калимов.
Қылмыстық істі қозғауға тырысқан әрекеттер де нәтиже бермеген. Полиция "азаматтық-құқықтық қатынастарға" сілтеме жасап, бұл істен бас тартқан.
Шын мәнінде мен 7 миллион теңге жоғалттым (сот шығындарын қоса алғанда). Барлық құжаттар - келісімшарт, хат алмасу және полицияға ұсынған бірлескен арызымыз сақталған, – деп қорытындылады Берік Калимов.
Блогер Нағима Настевич те құрылыс жұмыстарын жасайтын бригадаға алданған. Оның алданған 2024 жылы үй сатып алғаннан кейін көпшілікке белгілі болды.
Біз үйді қазан айында сатып алдық және сол кезде бір құрылыс бригадасымен келісімшартқа отырдық. Компания танымал, пікірлері жақсы болды. Біз сендік. Алайда төрт ай өтсе де нәтиже нөл болды. Жұмыс істелмеді. Бірақ бізден үлкен ақша алды, – деп жазды блогер Instagram-да.
Блогердің айтуынша, бұл схема алдын ала "дайындалған". Мердігерлер жұмыстың басталғанын көрсету үшін имитация жасайды. Сондықтан іс қылмыстық бапқа кірмейді.
Егер мердігерлер пәтерге кіріп, жұмыстың басталғанын көрсетсе, бұл қылмыстық емес азаматтық іс болып саналады. Яғни, егер олар барлық ақшаны алып, жоғалып кетсе, онда бұл "қылмыс" болар еді. Олар бұл туралы біледі, сондықтан схема жасалған. Олар пәтерге кіріп, алғашқы траншты алады. Сонымен материал сатып алады және әрі қарай басталған істі аяқсыз қалдырады. Жөндеу жұмыстары жоқ, ақша жоқ. Клиенттерді блоктайды, істер азаматтық талаптарға ауыстырылады, – деп түсіндірді Настевич.
Ол алаяқтардың клиенттердің ақшасын жеке қажеттіліктерге жұмсаған айқын мысалдарын да айтты.
2024 жылы 6 отбасы алаяқтық бойынша іс қозғауға қол жеткізді. Полиция қаржылық ағындарды анықтады. Адамдар "жөндеуге" аударған ақшалар келесі күні Hugo Boss бутиктерінде, жеке қарыздарды жабуға және басқа қажеттіліктерге жұмсалған. Бұл фактілер де олардың жазалануы үшін жеткіліксіз болды. Олар атауларын өзгертуді, бизнесті қайта тіркеуді жалғастырып, жауапкершіліктен жалтара береді, – деп хабарлады блогер.
Келісімшарт та әрдайым сақтандырмайды
Неліктен осындай схемалар бойынша адамдарды алдаған алаяқтар жазаланбайды? Осы сұраққа қатысты Adilzanger Заң консультанттары палатасының заңдық кеңесшісі Қанат Көбентаев пікір білдірді.
Ол формальды келісімшарт клиентті әрдайым қорғай бермейтінін атап өтті.
Алаяқтар, өз сөзінде "кидалалар" деп аталады. Олар келісімшартқа отыруға ерекше құлшыныс танытпайды. Тіпті жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғамен ресми келісімшарт жасалған болса да, бұл уәде етілген жөндеуді толық орындауға кепілдік бермейді, – деді Көбентаев.
Оның айтуынша, аферистер көбіне бір схема бойынша әрекет етеді.
Көбіне олар төмен бағамен емес, өзге әдістермен тартады. Сенімсіз мердігерлер алдын ала төлемді үшінші тұлғаның есепшотына аударуды сұрайды. Ол кейін сіз келісім жасаған адамдарыңызды білмейміз деп мәлімдеуі мүмкін немесе ақшаны қолма-қол беруді сұрайды, – деп түсіндірді Көбентаев.
Негізгі мәселе – дәлелдердің болмауы
Бұл келісімшарттың болмауынан немесе қағаздағы растаулар, мобильді мессенджерлердегі хат алмасулардың жоқтығынан туындайды. Кейде клиент орындаушылардың паспорт деректерін (аты-жөні, ЖСН) білмейді, сондықтан шағым жасау немесе талап қою қиын, – деп қосты заңгер.
Тіпті сот жеңген жағдайда да ақша қайтарылатыны кепілдендірілмеген. Азаматтық сотта шығынды өндіру сәтті болса да, орындау парағы мәжбүрлеп орындауға жіберіледі.
Бірақ бұл жағдайда тапсырыс берушінің проблемасы аяқталмайды. Әдетте алаяқтар банктік шоттарда ақшаға ие емес, мүлкі жоқ. Сондықтан залал сомасын қайтару ұзақ жылдарға созылады, – дейді ол.
Дегенмен, мұндай әрекеттерді алаяқтық деп тануға болады.
Егер келісімшарт пен чек болса алаяқтық фактісі бойынша шағым жасауға болады. Полицияда қылмыстық құрам көрінсе, іс қозғалады. Қатысушылардың басқа ұқсас істерге қатысы тексеріледі, әсіресе зардап шеккендер саны артса, – дейді кеңесші.
Қауіптерді азайту бойынша кеңестер
Заңгер бірнеше практикалық кеңес береді.
Тек сенімді тұлғаларға жүгіну керек, тіпті бұл сәл қымбат болса да. Алдын ала үлкен соманы төлемеу, төлем тәсілдерін әрдайым тіркеу қажет. Міндеттердің орындалуын үнемі бақылау керек. Орындаушының айтқанына ермеу, қажетті ақпаратты сұраудан қашпау керек. Себебі егер жөндеуші адал болса, жасырын ештеңесі жоқ, – деп қорытындылады Көбентаев.
Алаяқтарға алданған қазақстандықтардың оқиғалары көрсетіп отырғандай, жөндеу саласындағы олардың схемалары әлі де жұмыс істейді.
Заңгерлер қазақстандықтарға барынша мұқият болуға, орындаушыларды тексеруге және әр қадамды құжат жүзінде тіркеуге кеңес береді.