Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандықтар көбіне қай елге жұмыс істеуге баратыны белгілі болды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Қазан 2025, 12:17
368
Бөлісу:
 Мәди Искаков  - архив
Фото: Мәди Искаков - архив

Қазақстандықтар көбіне қай елге жұмыс істеуге баратыны белгілі болды. Қазіргі таңда шетелде шамамен 126 мың қазақстандық азамат еңбек етіп жүр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Сенаттағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олардың басым бөлігі — 102 мың адам Ресейде, ал 15 мыңға жуық азамат Оңтүстік Кореяда жұмыс істейді. Соның ішінде 11 мыңы — заңсыз еңбек мигранттары. Тағы 2 мыңдай қазақстандық Еуропалық одақ елдері мен Ұлыбританияда жұмыс істеп жүр.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы еңбек көші-қонын реттеу жөніндегі келісім әзірге қаралу кезеңінде.

Қазір біздің өтініміміз корей тарапының қарауында. Олар қосымша сұрау жолдап, Қазақстаннан түсіндіру жұмыстарының жол картасын сұрады. Бұл картада біздің азаматтардың Кореяға барарда көші-қон заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету шаралары көрсетіледі. Жыл соңына дейін оң шешімге қол жеткіземіз деп үміттенеміз, — деді Ертаев брифингте.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтарды заңды еңбек етуге және ресми бағдарламалар арқылы шығуға шақырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы