Қазақстандықтар киімге жылына қанша ақша жұмсайды? Шығын 72%-ға өсті

Қазақстанда киім өндірісі де артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында отандық кәсіпорындар 54,2 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп.

 pixabay 18 Қазан 2026, 03:44
18 Қазан 2026, 03:44
30
Фото: pixabay

Қазақстандықтардың киімге, матаға және аяқ киімге жұмсайтын шығыны өскенімен, олардың жалпы тұтыну шығынындағы үлесі азайған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Energyprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында жан басына шаққанда киімге, матаға және аяқ киімге орта есеппен 136,9 мың теңге жұмсалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға көп.

Он жыл ішінде осы тауарларға жұмсалған шығын 79,6 мың теңгеден 136,9 мың теңгеге дейін өсіп, 72%-ға артқан. Алайда олардың жалпы тұтыну шығындарындағы үлесі 10,5%-дан 6,7%-ға дейін төмендеген. Ал 2020 жылы киімге, матаға және аяқ киімге жұмсалатын шығын 76,1 мың теңгеге дейін азайған, – деп жазды портал.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында киімге, матаға және аяқ киімге ең көп шығын жұмсаған өңірлердің көшін Түркістан облысы бастады. Мұнда жан басына шаққандағы шығын 236,8 мың теңгені құраған.

Одан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы – 211,8 мың теңге және Шымкент қаласы – 205,5 мың теңге. Ал ең аз шығын Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелген.

Отандық киім өндірісі өсті

Қазақстанда киім өндірісі де артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында отандық кәсіпорындар 54,2 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп.

Соған қарамастан, елдегі киім мен аяқ киімге деген сұраныстың басым бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етіледі.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша сыртқы трикотаж киімге деген сұраныстың 98,6%-ын шетелдік өнім өтеген, – дейді мамандар.

Импорттың үлесі басқа тауар санаттарында да жоғары. Атап айтқанда, спорттық, шаңғы және шомылу киімдері мен өзге де киім түрлерінің 91%-ы, кеудеге арналған киімдер мен аксессуарлардың 89,8%-ы, іш киімдердің 88,8%-ы және шұлықтардың 83,7%-ы шетелден жеткізілген.

Наверх