Қазақстандықтар Черногорияға визасыз бара алады: қандай шарт бар?

Черногория үкіметінің мәліметінше, Қазақстан азаматтары қолданыстағы Шенген визасы, АҚШ, Ұлыбритания немесе Ирландия визасы болған жағдайда елге жеке Черногория визасынсыз кіре алады.

 depositphotos.com 20 Қазан 2026, 08:39
20 Қазан 2026, 08:39
171
Фото: depositphotos.com

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Черногорияда Қазақстан азаматтары үшін 1 мамырдан бері қолданылған маусымдық визасыз режим аяқталды. Алайда қазақстандықтар белгілі бір шарттарды орындаған жағдайда елге жеке Черногория визасын алмай-ақ бара алады. Бұл туралы BAQ.KZ Черногория үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Черногорияға қандай жағдайда визасыз кіруге болады?

Черногория үкіметінің мәліметінше, Қазақстан азаматтары қолданыстағы Шенген визасы, АҚШ, Ұлыбритания немесе Ирландия визасы болған жағдайда елге жеке Черногория визасынсыз кіре алады.

Сондай-ақ аталған елдер немесе Шенген аймағы берген тұруға рұқсаты бар азаматтарға да осындай мүмкіндік қарастырылған.

Бұл талаптарды орындаған саяхатшылар Черногорияға кіріп, ел аумағында бола алады немесе транзитпен өте алады.

Елде қанша уақыт болуға рұқсат етіледі?

Черногорияда болудың рұқсат етілген мерзімі — 30 күнге дейін. Алайда визаның жарамдылық мерзімі бұдан ертерек аяқталса, елден сол мерзім біткенге дейін шығу қажет.

Мысалы, визаның аяқталуына 12 күн қалса, осы құжаттың негізінде Черногорияда толық 30 күн болуға болмайды.

1 қазаннан бастап не өзгерді?

2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығында Қазақстан азаматтары жарамды жол жүру құжаты болған жағдайда Черногорияға визасыз кіріп, елде бола алатын және транзитпен өте алатын.

Бұл кезең аяқталғаннан кейін визалық талаптар қайта қолданыла бастады. Дегенмен жоғарыда аталған визалары немесе тұруға рұқсаттары бар азаматтар үшін ерекшеліктер сақталған.

Черногория үкіметінің ресми сайтында Қазақстан азаматтарына жалпы тәртіп бойынша елге кіру үшін виза қажет екені көрсетілген. Визаны Черногорияның дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы рәсімдеуге болады.

Егер мұндай өкілдікке жүгіну мүмкін болмаса, визалық өтінішті Қазақстандағы Болгария елшілігіне тапсыруға рұқсат етіледі.

Сапар алдында нені тексеру керек?

Саяхатқа шықпас бұрын елге кіруге негіз болатын визаның немесе тұруға рұқсаттың жоспарланған сапар күндерінде жарамды екеніне көз жеткізу қажет. Сондай-ақ жол жүру құжатының жарамдылық мерзімін тексерген жөн.

Бұған дейін Черногория ұлттық визаларға құжат қабылдайтын визалық орталықтар желісін кеңейтетінін хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта VFS Global визалық орталықтары Үндістан, Бангладеш, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресейде жұмыс істейді.

Келесі кезеңде визалық орталықтар ашылатын елдердің қатарына Қазақстан да енгізілген. Сонымен қатар Пәкістан, Қытай, Армения, Филиппин, Қатар, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Беларусь, Непал және Өзбекстанда жаңа орталықтар ашу жоспарланған. Болашақта бұл желіні Иордания, Кувейт, Таиланд және Индонезияға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Наверх