Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандықтар банктерге қанша қарыз және енді кім несие ала алмайды?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
26 Қараша 2025, 11:35
5568
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы азаматтардың тұтынушылық кредиттік жүктемесіне қатысты BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берді.

Ұлттық Банктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елдегі банктердің тұтынушылық кредиттер портфелі 16,2 трлн теңгеге жеткен.

Кредит құрылымы: көпшілік кепілсіз қарыз алады

Жиынтық портфельдің 71%-ын (11,5 трлн теңге) кепілсіз тұтынушылық кредиттер құрайды. Биылғы 9 айда бұл сегменттің өсімі біршама баяулаған: өткен жылғы 22,5%-бен салыстырғанда өсім 12,7% болды.

Автокредиттер көлемі портфельдің 23%-ын немесе 3,8 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 9 айда 35% өсім көрсеткен (өткен жылы – 35,1%).

Кепілді тұтынушылық кредиттер үлесі – 6% (967 млрд теңге). Бұл сегмент жыл басынан бері 22% артқан.

90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар барлық портфельдің 6%-ын (971 млрд теңге) құрайды.

Ипотекалық кредиттер тұрақты өсіп жатыр

Ипотекалық кредиттер де жоғары динамика көрсетіп отыр: 2024 жылы бұл сегмент 14,5%, ал биылғы 9 айда 10,4% өсіп, көлемі 6,7 трлн теңгеге жеткен.

Азаматтар кредитті не үшін алады?

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша тауарлық кепілсіз кредиттердің мақсаттары мынадай:

  • 35,1% – тұрғын үй жағдайын жақсарту (құрылыс материалдары, жиһаз т.б.);
  • 10,3% – ірі тұрмыстық техника;
  • 8,3% – бизнес мақсаттары;
  • 8,2% – автокөлікке арналған тауарлар (жабдықтар, шиналар, бөлшектер);
  • 4,3% – киім мен аяқ киім;
  • 3,6% – сұлулық пен денсаулыққа арналған тауарлар (дәрі-дәрмек қоса алғанда).

Қарыз алушылардың жас құрамы

  • 31–45 жас – барлық тұтынушылық кредиттердің 46%;
  • 46–62 жас30%;
  • 22–30 жас18%;
  • 63 жастан жоғары4%;
  • 21 жасқа дейін1%.

Өңірлік бөлініс

Банктердегі тұтынушылық кредиттің ең үлкен үлесі:

  • Алматы қаласы – 31%,
  • Астана – 11%,
  • Шымкент – 8%.

Ең төмен үлес:

  • Ұлытау облысы – 0,9%,
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1,3%,
  • Алматы облысы – 1,4%.

Қарыз жүктемесін төмендету үшін қандай жаңа шаралар қабылданды?

Агенттік соңғы жылдары кредиттік тәуекелдерді азайтуға бағытталған бірқатар реттеуші нормаларды енгізді.

1. Мерзімі өткен азаматтарға жаңа кредит беруге тыйым

  • 90 күннен астам мерзімге қарызы бар азаматтарға кредит беруге заңмен тыйым салынды.
  • 2024 жылы енгізілген нормаларға сәйкес:
    • микрокредит — мерзімді 1 күн кешіктірсе де берілмейді;
    • банктік қарыз — 30 күннен аса кешіктірсе берілмейді.

2. Кепілсіз кредит мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс

Бұл табысы төмен азаматтардың ұзақ мерзімді кредит арқылы борыш жүктемесін «жасырып», тәуекелді арттыруының алдын алу үшін қабылданды.

Сонымен қатар, 3–5 жыл мерзімдегі кепілсіз кредиттердің тәуекел коэффициенті 350%-ға дейін көтерілді.

3. Қарызы кешірілген азаматтарға жаңа кредит беруге шектеу

Соңғы 12 айда қарызы кешірілген немесе жасанды қайта құрылымдау жасатқан адамдарға тұтынушылық кредит беруге тыйым салынды.

4. Кредит сомасының лимиті

  • Банктер үшін – 8,7 млн теңге,
  • Микрокредиттік ұйымдар үшін – 4,3 млн теңге шектеу енгізілді.

Осының арқасында орташа кредит мөлшері 270 мың теңгеден 216 мың теңгеге дейін, яғни 20% төмендеген.

5. Коллекторларға қарызды сатуға мораторий

Өткен жылы енгізілген 2 жылдық мораторий нәтижесінде коллекторлық агенттіктердегі қарыздар саны 27,6% қысқарып, 404 мың адамға азайған.

6. Банктерге жаңа міндеттемелер

  • Тәуекелі жоғары қарыз алушыларды анықтау,
  • Қайта құрылымдау тетіктерін ұсыну,
  • Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімшелерін құру міндеттелді.

7. Салық саясаты арқылы шектеу

2026 жылдан бастап:

  • корпоративтік кредиттер үшін КТС – 20%,
  • тұтынушылық кредиттер үшін – 25% болады.

8. Макропруденциялық жаңа талаптар

2026 жылғы 1 сәуірден бастап халыққа берілетін кредиттерге 2% секторлық контрциклдық буфер енгізіледі. Бұл тұтынушылық кредиттің шектен тыс өсуін тежеуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы