Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елордадағы автовокзал және Halyk Bank-пен бірлесіп жол жүру билеттерін Halyk Homebank мобильді қосымшасы арқылы сатып алу сервисін іске қосу жөнінде жұмыстар жүргізді.
Атап айтқанда, осы бастама арқылы Halyk Travel қосымшасының «Автобустар» электронды сервисі азаматтар үшін қолжетімді болды. Аталған сервис жол жүру билеттерін алдын-ала брондау және сатып алу кезіндегі уақытты айтарлықтай үнемдейді. Сервисті жасаушылар алдағы уақытта жолаушылардың өздері мен жүктерін жағымсыз жайттар мен оқыс оқиғалардан сақтандыруды да енгізуді көздеп отыр.
Қазіргі таңда аталған мобильді қосымша арқылы отандастарымыз Нұр-Сұлтаннан Державинск, Константиновка, Наумовка, Степногорск, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Өскемен қалалары мен Монғолия және Өзбекстан сынды көршілес елдерге де жол жүру құжаттарын сатып алуда.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта аталған жобаның шеңберін ұлғайтып, барлық қалааралық және халықаралық бағыттардағы маршруттарды ашу жоспарлануда.