Қазақстандықтар 27 трлн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған

Елдегі қолма-қол операциялардың көлемі 2025 жылы 8,6%-ға өсіп, 4,7 трлн теңгеге жетті.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Кеше 2026, 17:45
Кеше 2026, 17:45
990
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Елдегі қолма-қол операциялардың көлемі 2025 жылы 8,6%-ға өсіп, 4,7 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қауымдастықтың айтуынша, соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер кеңінен таралғанымен, олар қазақстандықтардың өмірінде қолма-қол ақшаны бұрынғыдай қарқынды түрде ығыстырып жатқан жоқ.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы шолуында 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі карточка арқылы жасалған қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 186 трлн теңгеге жеткені көрсетілген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Алайда қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы үлесі небәрі 0,4 пайыздық тармаққа ғана өсіп, 87,2% болды.

Сарапшылардың пікірінше, ірі қалалар мен өңірлерде нарықтың қанығуына байланысты және қолма-қол ақшаға деген тұрақты сұраныстың сақталуы себепті онлайн және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бұрынғыдай белсенді өсім көрсетіп отырған жоқ.

Сонымен қатар елдегі айналымдағы қолма-қол ақша көлемі 8,6%-ға артып, 4,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл шағын бизнес пен қызмет көрсету саласында қолма-қол ақшаның әлі де кеңінен қолданылуымен түсіндіріледі.

Осылайша қолма-қол ақшасыз төлемдер негізінен қолма-қол ақшаны ығыстыру есебінен емес, экономиканың жалпы айналымының ұлғаюы мен номиналды шығындардың артуы есебінен өсіп отыр. Орта есеппен әрбір қазақстандыққа 232 мың теңге қолма-қол ақша тиесілі, бұл өткен жылы 216 мың теңге болған, – деп атап өтті қауымдастықта.

Қазақстандықтар банкоматтар арқылы 27,3 трлн теңге қолма-қол ақша шешіп алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға көп. Қауымдастық өкілдері мұны да қолма-қол ақшаға деген сұраныстың сақталып отырғанының белгісі деп бағалайды.

Наверх