2025 жылы Қазақстанда көліктің барлық түрімен 1,9 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға көп, деп хабарлайды BAQ.KZ Статистика бюросына сілтеме жасап.
Жолаушылар тасымалынан кәсіпорындардың тапқан кірісі 1,5 трлн теңгені құрады. Ал жолаушылар айналымы 88,9 млрд жолаушы-километрге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,4%-ға артты.
Жолаушылардың басым бөлігі автомобиль және қалалық көлік түрлерімен тасымалданған.
2025 жылы автобус, троллейбус, такси және өзге де қалалық көлік құралдарымен 1,9 млрд жолаушы жүрген. Бұл жалпы тасымал көлемінің 98,1%-ын құрайды және өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға жоғары. Аталған бағыттан түскен кіріс 506,4 млрд теңге болды.
Теміржол көлігімен 19,4 млн жолаушы тасымалданып, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға азайған. Теміржол арқылы жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 142,4 млрд теңгені құрады.
Әуе көлігімен 15,4 млн жолаушы тасымалданып, көрсеткіш бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 4,8%-ға артты. Әуе тасымалдарынан түскен кіріс 918,1 млрд теңгеге жетті.
Ішкі су көлігімен 253 мың жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға көп. Осы тасымал түрінен түскен кіріс 733,7 млн теңге болды.
Жолаушылар айналымының өсуі Шымкент (32,4%) және Алматы (24,8%) қалаларында, сондай-ақ Алматы (45,2%), Түркістан (18%), Абай (15,2%), Қарағанды (14,3%), Қызылорда (13,9%), Шығыс Қазақстан (7,1%), Ақтөбе (5,2%), Жетісу (4,8%), Павлодар (4,7%), Маңғыстау (4,4%) және Батыс Қазақстан (3,9%) облыстарында тіркелді.