Қазақстандық жастар тері обырын ерте анықтайтын жоба ойлап тапты

Қазақстандық мамандар әзірлеген MendiSkin қосымшасы смартфонға түсірілген меңнің түсі, көлемі мен пішініндегі өзгерістерді жасанды интеллект арқылы бақылауға мүмкіндік береді.

13 Тамыз 2026, 10:01
АВТОР
 @Нұрай Зинелова 13 Тамыз 2026, 10:01
13 Тамыз 2026, 10:01
191
Фото: @Нұрай Зинелова

Денеңіздегі меңнің түсі өзгеріп, көлемі ұлғайса немесе пішіні өзгере бастаса, оны елемеуге болмайды. Мұндай белгілер кей жағдайда тері обырының белгісі болуы мүмкін. Қазақстандық мамандар осы өзгерістерді уақытында байқауға көмектесетін MendiSkin қосымшасын жасап шығарды. Қолданушы меңді смартфонға түсіреді, ал жасанды интеллект оны дәрігерлер қолданатын клиникалық белгілер бойынша талдайды. Жоба әзірге валидация кезеңіне дайындалып жатыр. BAQ.KZ тілшісі жобаның қалай жұмыс істейтінін авторларынан сұрап көрді.

Меңді смартфон арқылы бақылау

Назарбаев университетінде Social Startup 2026 бағдарламасының финалы өтті. Байқауға 83 өтінім түсіп, оның 15-і финалға жолдама алды. Төрт жоба жеңімпаз атанды. Солардың бірі – MendiSkin.

@Нұрай Зинелова

Жобаны Назарбаев университеті медицина ғылымдарының докторы, дәрігер Анель Амантаева мен Сымбат Баяхметова жасап шығарған.

Жоба атауындағы Men - «мең», ал skin - «тері» деген мағынаны білдіреді.

Қосымшаның жұмыс істеуі қарапайым: адам денесіндегі меңді смартфон арқылы суретке түсіреді. Жасанды интеллект сол суретті талдап, меңнің түсі, көлемі, пішіні және басқа да клиникалық белгілеріне назар аударады.

Жүйе дәрігерлер қолданатын ABCDE критерийлеріне сүйенеді. Сонымен қатар қолданушы бір меңді уақыт өте қайта суретке түсіріп, оның өзгерісін салыстыра алады.

Жоба авторларының айтуынша, мұндай мүмкіндік адамға денсаулығын жүйелі бақылап, күмәнді өзгеріс байқалған жағдайда дәрігерге уақытылы жүгінуге көмектеседі.

Тері обырын ерте байқау неге маңызды?

Тері обыры – тері жасушаларынан пайда болатын қатерлі ісік түрі. Тері обырының кейбір белгілері терідегі меңнің немесе басқа да дақтардың өзгеруінен байқалуы мүмкін. Сондықтан адамның өз денесіндегі өзгерістерге назар аударып, күмәнді жағдайда дәрігерге қаралуы маңызды.

Алайда кез келген өзгерген мең міндетті түрде қатерлі ісік деген сөз емес. Оның нақты себебін тек маман тексеруі арқылы анықтауға болады.

Осы аралықта адамға терісін жүйелі түрде бақылау көмектесуі мүмкін. Қазақстандық MendiSkin жобасының идеясы да осы қажеттіліктен туындаған.

MendiSkin-нің басты міндеті – дәрігердің орнын басу емес. Қосымша адамның өз денсаулығын бақылауына және күмәнді өзгеріс байқалған жағдайда маманға уақытылы жүгінуіне көмектеседі.

Технология әсіресе дерматологқа тұрақты түрде қаралу мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пайдалы болуы мүмкін. Алайда смартфонға түсірілген сурет медициналық тексерудің орнын баспайды. Нақты диагнозды дәрігер қояды, – дейді жоба авторлары.

ЖИ-дің дәлдігі қалай тексеріледі?

Қазір MendiSkin командасы жобаның ең жауапты кезеңіне кіріспек. Авторлардың айтуынша, Астанадағы екі ірі онкологиялық орталықпен келісім жасалған.

Клиникалардан пациенттердің суреттері, диагноздары және биопсия нәтижелері жиналып, жасанды интеллект берген нәтижелер нақты медициналық қорытындылармен салыстырылады.

Бұл процесс валидация деп аталады. Оның мақсаты – модельдің нақты медициналық жағдайда қаншалықты дұрыс жұмыс істейтінін анықтау.

Медициналық модельдің валидациясы ұзақ уақыт алады. Себебі бұл үлкен жауапкершілік. Біз осы жауапкершілікті түсіне отырып, жұмысымызға мұқият қараймыз, – дейді авторлар.

Бұл жерде жобаның ең маңызды тұсы да көрінеді: технологияның жасалуы – оның медицинада қолдануға дайын екенін білдірмейді. Алгоритмнің қауіпсіздігі мен дәлдігі клиникалық деректер арқылы тексерілуі қажет.

Қосымша тегін болады

MendiSkin авторлары технологияны барынша көп адамға қолжетімді етуді көздейді. Сондықтан қосымшаны тегін ұсынуды жоспарлап отыр.

Қазір ол App Store платформасында қолжетімді. Жақын уақытта Google Play қосымшасына шығарылмақ.

Ерте диагностика жасау арқылы халықтың медициналық сауатын арттырғымыз келеді, – дейді жоба авторлары.

Болашақта команда тек меңмен шектелмей, дерматоскопиялық суреттерді де талдауды жоспарлап отыр. Кейін косметология бағытын дамытуды көздейді.

Мақсат – тері қатерлі ісігінің асқынуын азайту

Біздің басты мақсатымыз – тері қатерлі ісігін ерте байқап, адамға дер кезінде дәрігерге қаралуға көмектесу. Осы арқылы аурудың асқынып кетуінің алдын алғымыз келеді, – дейді Mendiskin командасы.

Қосымша адамның денесіндегі меңді бақылап, оның уақыт өте өзгергенін салыстыруға мүмкіндік береді. Егер алдағы валидация нәтижелері модельдің тиімділігін көрсетсе, Mendiskin терідегі өзгерістерді бақылауға арналған қолжетімді құралға айналуы мүмкін.

Нұрай Зинелова

Наверх