Қазақстандық туристерге турға жұмсаған ақшасының 20%-ы қайтарылуы мүмкін. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қазақстандықтар үшін туристік кешбэк енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр бұл бастама туралы туризм мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.
Сөзінше, бұл бағдарлама жолдамалар ресми туристік агенттіктерден демалу үшін аз белсенді маусым кезінде сатып алынған жағдайда азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді.
Мысалы, жаңа Абай, Ұлытау облыстары сияқты бағыттарға шығындар сомасының 20%-ы қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал және туристер көп бағыттарға кешбэк 10% болады.
Осы бағдарламаның барлық тетігін толық және сапалы пысықтау үшін жұмысты қолға аламыз. Кешбэк – ішкі туризмді тартымды етудің жаңа құралы. Сұранысты арттыра отырып, отандық туристік операторларға да қолдау көрсетеміз. Министрлік туристік кешбэк енгізу мәселесін қарауды жеделдетуі керек деп санаймын, - деп айтты Асхат Оралов.