Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 224-орында тұрған, жарысқа арнайы шақырту алған германиялық Настасья-Мариана Шункпен шеберлік байқасты. Қарсыластар бұған дейін кездеспеген еді. Өткен аптада елордада Қазақстан – Германия матчында Лаура Зигемунд пен Анжелика Керберді ұтқан Елена бұл жолы да олардың отандасы тап келді.
Бірінші партияда 19 жастағы неміс спортшысы 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Е.Рыбакина басымдық танытты – 7:6 (7:3). Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Алайда матчқа доп бергенде, Шунк брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда қайтадан брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. Рыбакина жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен таласады.