Қазақстандық суретші-аниматор Алтынбек Өмірзақов өмірден өтті

Ол ұлттық анимацияны дамытуға және жас мамандарды даярлауға өмірін арнады.

 Қазақфильм 17 Қазан 2026, 14:19
17 Қазан 2026, 14:19
103
Фото: Қазақфильм

Қазақстанда отандық анимацияның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан белгілі суретші-аниматор әрі педагог Алтынбек Өмірзақов дүниеден өтті.

Оның қайтыс болғаны туралы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі хабарлады.

Алтынбек Өмірзақов қазақ анимациялық өнерінің негізін қалаушы Аман Қайдаровтың алғашқы шәкірттерінің бірі болған. Ол кәсіби қызметін ұлттық мультипликацияны дамытуға арнап, осы өнер саласының өркендеуіне атсалысты.

Өмірзақов көп жыл бойы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде сабақ берді. Ол жас аниматорлардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және ұлттық анимация мектебінің дәстүрлерін сақтауға үлес қосты.

Суретшінің қайтыс болуына байланысты «Қазақфильм» киностудиясы мен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі оның отбасына, туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.

Алтынбек Өмірзақовтың шығармашылық жолы, ұлттық өнерге деген адалдығы және шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбегі қазақ анимациясының тарихында айрықша орын алады. Марқұмның жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады, – делінген киностудия мен шығармашылық бірлестіктің хабарламасында.

Наверх