Аlem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері ресми түрде әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің қатарына еніп, High-Performance Linpack (HPL) стандарты бойынша жасалған беделді TOP500 жаһандық рейтингінде 86-орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Суперкомпьютер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (НИТ) базасында жасалған. Платформа 64 HPE Cray серверінен тұратын архитектура негізінде құрылып, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу жүйесіне айналды.
Alem.Cloud көлемді есептеу қуатын қажет ететін міндеттерді шешуге арналған: мұнай-газ және геологиялық барлау салаларындағы модельдеу, климаттық талдау, жасанды интеллект үлгілерін әзірлеу, үлкен деректерді өңдеу, энергетика, медицина және өнеркәсіп салаларындағы ғылыми-зерттеу жобалары.