Қазақстандық су саласының мамандары Францияда тағылымдамадан өтті

Бүгiн, 09:25
185
Бөлісу:
Қазақстандық су саласының мамандары Францияда тағылымдамадан өтті
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросында (BRGM) тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тағылымдама Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің "Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласындағы француз тәжірибесінің құзыреттілігін дамыту және ілгерілету" жобасы аясында ұйымдастырылды.

Тағылымдама барысында жерасты сулары туралы ақпаратқа, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін BDLISA дерекқорын зерттеуге баса назар аударылады.

"Топырақ пен жерасты суларының ластануын анықтау әдістері мен құрылғылары" тақырыбындағы келесі тағылымдама осы жылдың 1 сәуірінде басталып, бір айға созылады.

Франциядағы тағылымдама біздің мамандарға өз білімдерін тереңдетуге және кәсіби дағдыларын кеңейтуге мүмкіндік береді. BRGM-мен ынтымақтастық Қазақстанның жерасты су ресурстарын басқаруда озық технологиялар мен тәсілдерді енгізуге ықпал етеді,- деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновация департаменті Су шаруашылығындағы адам ресурстарын дамыту басқармасының басшысы Дидар Жәнібекұлы.

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен су ресурстары саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын. Сондай-ақ, министрлік Францияның даму агенттігімен (AFD) және BRGM-мен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге отырды.

Өзгелердің жаңалығы