«Вагнер» жеке әскери компаниясымен келісімшартқа отырған қазақстандық студент бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марғұлан Бекенов - 23 жаста.Томск мемлекеттік университетінде оқиды. Ол Томсктен Краснодарск қаласына сүйіктісімен жолығуға барған. Алайда кейін жақындарымен байланысы үзіліп, із-түссіз кеткен.
Кейін Бекеновтің «Вагнер» жеке әскери компаниясының сарбаздары жаттығып жатқан базаға алып кеткен белгілі болды.
9 сәуірде анасы оны әскери базаның өткізу пунктінде кездестірді.
Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Бекеновтың келісімшартқа өз еркімен қол қойғанын айтты.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес бұл азамат "Вагнер" жеке әскери компаниясымен өз еркімен келісімшарт жасасқан. Мәскеудегі Қазақстан елшілігі туыстарының мәлімдемесінен кейін бірден Ресей Федерациясының құзыретті органдарына сұрау жіберген. Ақпарат тексеріліп жатыр. Елші азаматтың жақындарымен байланыста, – деді Смадияров.
Марғұлан Бекенов бейнеүндеуінде "Вагнер" ЖӘК-ге өз еркіммен арнайы әскери операцияға үлесін қосуға келгенін айтты.
Мен өзімді жақсы сезінемін, ұжым тамаша, өзімді таптым. Маған бұл жер ұнады. Психикалық және эмоционалды жағынан жаман емеспін. Тағы да қайталаймын, мені ешкім ұрлап әкеткен жоқ, - деді Марғұлан Бекенов.