Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының солисі (пианист) Жанар Сүлейманова Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен "World talent award" халықаралық байқауында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Шеберлік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсеткен ол 71 мемлекеттен қатысқан өнерпаздардың арасынан үздік шықты.
Жанар Сүлейманова — АҚШ, Италия және Франциядағы халықаралық байқаулардың лауреаты. Концерттік қызметі жылдарында жүздеген концерттер берді. Олардың ішінде әр түрлі бағдарламалары мен репертуарларымен 130-дан астам клавирабендтер бар. Пианист халықаралық аренада, атап айтқанда, Ресейде, Италияда, Германияда, АҚШ-та және басқа да көптеген елдерде гастрольдік сапарларға шығып, Қазақстанды әлемге таныстырып жүр.
"GOLDEN TIME TALENT" – шығармашылық топтар мен жеке орындаушыларға арналған халықаралық байқаулар мен фестивальдерді ұйымдастыруда әлемдік көшбасшы жоба. Әлемнің түкпір-түкпірінен суретшілер, музыканттар, вокалистер, бишілер сынды өнерпаздарды жинап, бақ сынасатын өнер сайысы биыл төртінші рет өткізіліп отыр.