Астанада отырып ойнайтын волейболдан Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Чемпионат 3-8 шілдеде елордадағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Додаға 8 елден Қазақстан, Жапония, Таиланд, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Моңғолия және Үндістаннан 200-ден астам спортшы қатысты.
Қазақстан құрамасы 6 шілдеде жартылай финалда Қытай командасын 3:2 есебімен жеңді. Сөйтіп, Азия чемпионатының финалына шығып, 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарының лицензиясын ұтып алды.
Бүгін Қазақстан құрамасы Иран командасымен финалдық кездесу өткізді. Иран құрамасы – чемпионаттағы барлық кездесуде жеңілмеген жалғыз команда. Ал, Қазақстанның параволейболшылары әлемдік рейтингте 7-ші, Азия рейтингінде 2-орында тұр.
Кездесудің бірінші кезеңінде ирандықтар 25:21 есебімен жеңіске жетті. Ал, Қазақстан құрамасы екінші кезеңдегі алғашқы ұпайды иеленді. Екінші кезеңнің нәтижесі – 25:14 болып, жеңіс қарсылас команданың үлесіне жазылды.
Шешуші үшінші кезеңде де қазақстандық параволейболшылар ұпайды көбірек еншілеуге талпынды. Есеп айырмасын қысқартып, басымдықты иеленуге ұмтылған қазақ ойыншылары үшін бұл кезең қарсыластар еншісінде кетті. Есеп – 25:17.
Осылайша, Қазақстанның параволейбол командасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Бұл кездесуде төрешілер тарапынан екі команданың ойыншыларына бірнеше рет сары қағаз көрсетілді.