Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандық оқушылар бір жылда 200-ге жуық алтын медаль жеңіп алды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
22 Қыркүйек 2025, 15:14
771
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Былтырғы оқу жылында оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты.

Өткен 2024-2025 оқу жылында 1720 қазақстандық оқушы 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алды. Оның ішінде: 193 алтын, 349 күміс және 464 қола медаль бар. Яғни әрбір екінші қатысушы жүлдегер атанды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы 571 оқушы небәрі 172 медаль иеленген болатын, - деді комитет төрағасы.

Соның ішінде, Қазақстан оқушылары әлем бойынша ең беделді саналатын 7 олимпиадада 27 жүлде еншіледі.

Дарынды балаларымыз 4 алтын, 13 күміс, 10 қола алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл да өткен жылғы нәтижелерге қарағанда жоғары көрсеткіш. Мұндай айтулы жетістіктер – тұрақты мемлекеттік қолдау мен орта білім беру ұйымдарында жүргізілген жатқан жүйелі жұмыстың жемісі, - деп айтты Жұмашев брифингте.

Бұған дейін қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадада абсолютті чемпион атанған еді.

Өзгелердің жаңалығы