Қазақстандық-нидерландық консультациялар ынтымақтастықтың оң динамикасын растады

2 Сәуір 2022, 16:47
1345
Бөлісу:
Қазақстандық-нидерландық консультациялар ынтымақтастықтың оң динамикасын растады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған Қазақстанның СІМ делегациясы екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультациясының үшінші раундына қатысты. 

Келіссөздерді нидерландық делегацияны басқарған Нидерландтың Сыртқы істер вице-министрі Тейс ван дер Плас жүргізді, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі. 

Консультациялар барысында тараптар өзара мүдделі екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша «сағаттарын теңестірді». БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар шеңберінде, сонымен бірге Еуропалық Одақпен өзара әрекеттестік саласында Нұр-Сұлтан мен Гаага арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылауда ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған және «Жаңа Қазақстанды» құру мен Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы нидерланд тарапына хабардар етті. Осы тұрғыда тараптар екі ел арасындағы парламентаралық диалогты орнатуға жан-жақты жәрдемдесуге келісті.

Нидерландтық дипломаттар жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын білдірді. Адам құқықтары мен сөз бостандығын сақтаудың маңыздылығын айта отырып, осы салада одан әрі тәжірибелік көмек көрсетуге дайын екендігін растады.

Сауда-экономикалық салада екіжақты ынтымақтастықты талқылау барысында сауда саласындағы оң динамика атап өтілді: 2021 жылғы тауар айналым 2020 жылмен салыстырғанда (3,4 млрд. АҚШ доллары) 35%-ға артып, 4,6 млрд. АҚШ долларын құрды. Айта кететін жайт, 2005 жылдан бастап Нидерландтан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 103,3 миллиард АҚШ доллардан астамды құрады, бұл елді республикадағы ең ірі шетелдік инвесторға айналдырды.  

Сонымен қатар тараптар жаңа инвестициялық және ауылшаруашылық жобаларды бірлесіп іске асыру жолымен өзара тауар айналымды ұлғайту қажеттілігін атап көрсетті. Консультацияға қатысқан Нидерланд Ауылшаруашылық, табиғат және сапалы азық-түлік министрлігінің Арнайы өкілі Ф. Воссенар ҚР ауыл шаруашылығын дамыту перспективаларына тоқталып, екіжақты тауар айналымын арттыру мақсатында екіжақты фитосанитарлық және басқа да талаптарды үйлестіру қажеттігін атап өтті.

Р. Василенко мен Т. ван дер Плас Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және мұқтаждарға гуманитарлық көмек көрсету бойынша халықаралық қоғамның талпыныстарын да талқылады. Іс-шара соңында делегация басшылары қазақстандық-нидерландтық ынтымақтастығының үдемелі дамып келе жатқанына қанағаттанатындықтарын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың барлық салалары бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға, сонымен бірге екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығына арналған (10 қыркүйек 1992 ж.) бірқатар бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға келісті.

Нидерланд Корольдігіне іс-сапар барысында, Р. Василенко «Клингендаль» Нидерландық халықаралық қатынастар институтының сарапшыларымен кездесу өткізді. Кездесу аясында тараптар екі елдің талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықты орнату келешегін талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары (АҰЖҚ) Қайрат Әбдірахмановпен кездесу барысында, тараптар ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы ұлтаралық қатынастар аясындағы қазіргі жағдайды, сонымен қатар АҰЖҚ офисінің жанжалдардың алдын алу бойынша ұсынымдарын талқылады. Жоғарғы Комиссар 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растады.

Гаага қаласына сапарының соңында Р. Василенко нидерландтық бизнес қауымдастығының өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысты Кездесу барысында іскер топ өкілдері қазақстандық нарықтың әлеуетімен, сондай-ақ шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шараларымен, салықтық жеңілдіктермен және бизнесті жүргізудің басқа да аспектілерімен танысты.

Өзгелердің жаңалығы