Қазіргі уақытта Қазақстанда 275 музей жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның ішінде 16 – республикалық, 15 – музей-қорық, 244-өңірлік музей бар. Жыл сайын музейлерге келушілер саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың басынан бері миллионнан астам адам мәдени нысандарға барған.
Қазақстанның алғашқы мемлекеттік музейі, еліміздегі музей ісінің қалыптасуына мұрындық болған – ҚР Орталық мемлекеттік музейі. Мұражай Орталық Азиядағы ең көне және ең ірі музейлердің бірі болып саналады. Биыл музейдің ашылғанына 104 жыл толады, ал 95 жыл бұрын музей Алматыға көшірілген.
Қазір музейде мәдени-ағарту, экспозициялық-көрме, сақтау, ғылыми-зерттеу, реставрация, коллекционерлік, есепке алу, редакциялық-баспа қызметтері бар және халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.
ҚР Орталық мемлекеттік музейі қоры 273 611 сақтау бірлігін құрайды, оның 28 838-і ұлттық мәдени игілік тізіліміне енгізілген.
Айта кетейік, музей – әрқашан адамзат тарихы мен мәдени мұраның сақтаушысы, өйткені олар үлкен ғылыми-ағартушылық, білім және тәрбие беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстан музейлер қорында 4 000 000-нан астам музей заты бар, олардың 360 мыңы Ұлттық мәдени игілік объектілері қатарына енген.