Маңғыстау облысы Полиция департаментінде ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ішкі істер органдарының қызметкерлерін салтанатты түрде зейнетке шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасында ұйымдастырылды. Жиын барысында ведомство ұжымы ардагерлерге көпжылдық адал еңбегі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Зейнет демалысына шыққандар қатарында полиция полковниктері Асқар Джайлаубаев пен Ерлан Кезбаев та бар. Алайда салтанатты жиында ерекше назар полиция подполковнигі Лейла Саидоваға ауды. Ол әлеуметтік желілерде «қазақстандық Моника Беллуччи» деген лақап атпен танылған.
Лейла Саидова – облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы штабының аға инспекторы. Ол ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін BAQ.KZ порталы Лейла Саидова туралы жеке материал жариялаған болатын. Полицей әлеуметтік желілерде күтпеген жерден танымалдыққа ие болды. Бұған полиция бөлімшесіне келген азаматшамен болған жанжал себеп болған. Аталған жағдай кезінде оның сабырлығы, ұстамдылығы мен кәсібилігі көпшіліктің назарын аударған.
Желі қолданушылары оны «темір ханым» деп атап, италиялық актриса Моника Беллуччимен салыстырған.
Өз кезегінде Лейла Саидова мұндай танымалдықты ауыр қабылдағанын және көпшіліктің назарында болуға ұмтылмайтынын айтқан еді.
Мен жанжалқұмар адам емеспін. Мұндай жағдайлар уақытша. Ең бастысы – ұсақ-түйекке мән бермеу, – деген болатын ол.
Подполковник полиция қызметі тек жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар психологиялық төзімділікті талап ететінін атап өткен.
Әрине, бәрін тастап кеткім келген сәттер болды. Мұндай жағдай әр қызметкердің басынан өтеді деп ойлаймын. Бірақ ең маңыздысы – сабыр сақтап, өз жұмысыңды атқару, – деді ол.
Әріптестері Лейла Саидованы принципшіл, әділ әрі мінезі берік офицер ретінде сипаттайды. Қызмет еткен жылдары ол өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, әріптестері мен тұрғындардың құрметіне ие болған.
Салтанатты шара соңында ардагерлерге алғыс айтылып, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық және жаңа өмір кезеңінде табыс тілінді.