Қазақстандық креативті жобаларға 1,2 млрд теңге инвестиция тарту жөнінде алдын ала келісім жасалды

Бағдарлама аясында қазақстандық кәсіпкерлер кино, анимация, музыка, театр, сән, дизайн, баспа ісі, білім және цифрлық технологиялар саласындағы жобаларын таныстырды.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі 28 Қараша 2026, 08:32
28 Қараша 2026, 08:32
68
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

22-27 қараша аралығында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры THE PITCH инвестициялық бағдарламасын өткізді.

Іс-шараға 70 шығармашылық топ пен 83 инвестор қатысты. Олардың арасында Түркия, Корея Республикасы және Сингапур өкілдері де бар.

Бағдарлама аясында қазақстандық кәсіпкерлер кино, анимация, музыка, театр, сән, дизайн, баспа ісі, білім және цифрлық технологиялар саласындағы жобаларын таныстырды.

Жобалардың таныстырылымы мен инвесторлармен жеке кездесулер нәтижесінде отандық креативті бастамаларды қаржыландыруға қатысты жалпы сомасы 2,69 млн АҚШ долларын (шамамен 1,2 млрд теңге) құрайтын 20 алдын ала келісім жасалды.

Алдағы уақытта қор инвесторлармен келіссөздерді жалғастырып, инвестициялық келісімдер жасауға, қазақстандық жобалардың ауқымын кеңейтуге және оларды халықаралық нарыққа шығаруға қолдау көрсетпек.

Наверх