- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстандық кәсіпорындар референдум өткізуді қолдайды
Қазақстандық кәсіпорындар референдум өткізуді қолдайды
Жұмыс ұжымдары оны мемлекеттің ілгері дамуына бастайтын маңызды қадам деп санайды.
21 Ақпан 2026, 17:05
Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары мен еңбек ұжымдары жаңа Конституция жобасын және алда өтетін республикалық референдумды қолдайтындарын білдіріп жатыр. Зауыттар мен компания қызметкерлері өздерінің үндеулерін әлеуметтік желілерде жариялап, азаматтық ұстанымдарын және конституциялық реформаға көзқарастарын білдіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Петропавл электротехникалық зауытының қызметкерлері Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, құжат құқықтық мемлекетті нығайтуға, билік институттарының рөлін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін күшейтуге бағытталған.
Жаңартылған конституциялық нормалардың қабылдануы өндірісті дамытуға және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсіміне қажет орнықты құқықтық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді, - деді зауыт қызметкерлері.
Жаңа Конституция жобасын қолдайтынын Абай облысындағы ауыл шаруашылығы және коммерциялық техника өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі – СЕМАЗ ұжымы да мәлімдеді. Зауытта заманауи өндірістік қуаттар бар екені, аграрлық сала мен елдің көлік инфрақұрылымында сұранысқа ие жоғары сапалы техника шығаратыны атап өтілді.
Бүгінде кәсіпорында 400-ден астам білікті маман еңбек етеді. Қызметкерлердің айтуынша, әр жұмысшы өнім сапасын сақтауға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға өз үлесін қосып келеді. Кәсіпорында тұрақты жұмыс орындары мен кәсіби өсу мүмкіндіктері жасалып, бұл өңірдің дамуына және ел экономикасының өсуіне әсер етуде.
Біз, "СЕМАЗ" ЖШС ұжымы, белсенді азаматтық ұстанымымызды білдіре отырып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдаймыз. Біз оны мемлекеттің ілгері дамуына, құқықтық және әлеуметтік кепілдіктердің нығаюына бастайтын маңызды қадам деп білеміз. Біз үшін конституциялық реформа — бұл көбірек кепілдік, тұрақтылық және даму мүмкіндігі. Заңға негізделген әрі ашық басқару жүйесінің құрылуы экономикалық өсім мен Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етеді деп сенеміз, - деді қызметкерлер.
Қазақстандықтарға TNK Kazchrome жұмыс ұжымы да үндеу жасады.
Әріптестер, достар! Алда ел болашағына әсер ететін маңызды оқиға – жаңа Конституция бойынша референдум тұр. Kazchrome ұжымы оны өткізуді қолдайды және әрқайсыңызды қатысып, өз ұстанымдарыңызды білдіруге шақырады, - делінген үндеуде.
"Родина" ұжымы да республикалық референдум өткізуді қолдайтынын білдіріп, отандастарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
15 наурыз күні әрқайсымыз өз таңдауымызды жасаймыз. Референдумға қатысу – бұл ел болашағына қосқан үлес, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік және мемлекеттің алдағы дамуына ықпал ету мүмкіндігі, - деді кәсіпорын қызметкерлері.
Жаңа Конституция жобасын қолдайтынын 800-ден астам қызметкерді біріктіретін «Семей цемент зауыты» ұжымы да хабарлады.
Конституция – тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің негізі. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, мемлекет пен қоғамның дамуының ережелерін айқындайды. Жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, біз Қазақстан мен оның азаматтарының тұрақты дамуын, қоғамдық келісімді және әл-ауқатын қолдаймыз, - деді зауыт жұмысшылары.
Qarmet кеншілері де жалпыұлттық референдумды қолдайтынын білдірді. Компания директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев "Батыс Қаражал" кен орнындағы тау-кен қазбаларының тарихи түйісуіне қатысып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында қаланы дамыту, өндірісті жаңғырту және алдағы референдум мәселелері талқыланды.
Андрей Лаврентьевтің айтуынша, жаңа Конституция әрбір қазақстандықтың құқықтарын бекітіп, мемлекеттік құрылым қағидаттарын айқындайды және заң мен тәртіпті нығайтады. Ол дауыс беруге қатысу ел мен өз болашағы алдындағы жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті. Кеншілер 15 наурызда өтетін референдумға қатысатындарын растады.
Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиынды "ҚазАзот" қызметкерлері де өткізді. Кездесуге қоғамның мажоритарлық акционері Бахаридин Аблазимов, бас директор Арман Мәулешев және еңбек ұжымы өкілдері қатысты.
Қатысушылар жаңартылған Конституция елдің құқықтық негіздерін нығайтып, экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасап, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Экология мәселесіне ерекше назар аударылды: жоба табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану және қоршаған ортаны қорғау қағидаттарын бекітеді. Сондай-ақ енгізілетін өзгерістер инвестиция тартуға, меншікті қорғауға және бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасап, өңірлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жұмыспен қамтудың артуына мүмкіндік беретіні айтылды.
Талқылау қорытындысы бойынша ұжым референдум өткізуді қолдап, ел болашағына әсер ететін шешімдер қабылдауда әр азаматтың қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Ең оқылған:
- Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшы: Қазақстаннан тартылған ТШИ көлемі шамамен 151 миллиард АҚШ долларын құрады
- Мексикадағы жаппай тәртіпсіздік: ҚР СІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
- Әлем кубогы: Қазақстан құрамасы конькимен жүгіруден 13 медаль жеңіп алды
- "Қымыз іштім": Павлодарда мас күйінде көлік жүргізген басшы қамалды
- ОРК дауыс беруді ұйымдастырудың негізгі мәселелерін қарастырды