Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстандық "Кадет" фильмі "Оскарға" ұсынылды

29 Қыркүйек 2025, 19:30
682
Бөлісу:
 iStock
Фото: iStock

Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың 2024 жылы түсірілген "Кадет" фильмі "Оскардың" "Үздік халықаралық фильм" номинациясына Қазақстан атынан ұсынылды. Халықаралық фестивальдерді бағындырған бұл қорқынышты драма қатаң әскери мектептегі өзгерістер мен ананың жүрек толқынысын бейнелейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Режиссер әрі сценарист Әділхан Ержановтың аталған фильмі беделді "Оскар" сыйлығының "Үздік халықаралық толықметражды фильм" (Best International Feature Film) аталымына Қазақстанның ресми үміткері ретінде таңдалды. Бұл туралы Ержанов Instagram парақшасында хабарлап, қолдау білдіргендерге алғысын айтып, фильмнің жасалу тарихымен бөлісті.

Әлі есімде, әскери мектептегі қорқынышты фильмнің сценарийін ұсынған кезде көптеген компаниялар "тым қараңғы, тым авторлық" деп бас тартқан еді. Ақыры фильм Берлин, Токио, Карловы Вары, SXSW және басқа да фестивальдерде көрсетілді, ең бастысы – шағын бюджетін прокат арқылы ақтап шықты. Енді міне, біздің комитет оны "Оскар" номинациясына таңдады. Көрерменіміз әртүрлі киноны қалайды. Біздің жанрлар жаңарып жатыр! – деп жазды режиссер.

2024 жылы Tiger film кинокомпаниясы түсірген "Кадет" картинасы әскери мектепке түскеннен кейін мінез-құлқы күрт өзгерген ұлын бақылап, алаңдаған ананың эмоциялық әрі шиеленісті оқиғасын баяндайды. Фильмде драма, саспенс (қатер сезімін тудыратын кернеу) және қатаң жүйе аясындағы жасөспірімнің есеюін авторлық көзқараспен көрсету элементтері үйлескен.

Жоба халықаралық аренада да үлкен қызығушылық тудырып үлгерді. Фильм Берлинале, Токио халықаралық кинофестивалі, Карловы Вары, SXSW және басқа да ірі кинофорумдарда көрсетілді. Бұл көрсетілімдер туындының көркемдік деңгейін ғана емес, әлем көрермендері үшін әмбебап құндылығын да дәлелдейді.

Өзгелердің жаңалығы