Қазақстандық Эдуард Ким Испаниядағы Әлем Кубогында жүлдегер атанды

4 Маусым 2023, 11:13
1988
Бөлісу:
Қазақстандық Эдуард Ким Испаниядағы Әлем Кубогында жүлдегер атанды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан құрамасы үшін Овьедо қаласындағы (Испания) артистік жүзуден Әлем Кубогының суперфиналы сәтті басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

Жекелей сындағы техникалық бағдарламада отандасымыз Эдуард Ким 200.600 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болды. Ол бітіспес қарсыласы испаниялық Фернандо Диас дель Рио Сотоға жол берді. Биылғы 3 кезеңде жүлдені көбіне осы екі атлет өзара бөліскен. Қола колумбиялық Густаво Санчестің еншісінде (198.17 балл), - делінген баспасөз хабарламасында.

Осыдан кейінгі аралас жұптар сынында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова 3-орыннан көрінді. Біздің дуэттің техникалық бағдарламасына төрешілер 215.60 ұпай берді. Мұнда да Испания спортшылары (Фернандо Диас пен Эмма Гарсия) алтыннан алқа тақса, күміске Колумбиядан келген жұп (Густаво Санчес пен Джениффер Серкиера) қол жеткізді.

Испанияға биылғы 3-кезеңде жүлде алып, көп ұпай жинаған спортшылар ғана шақырту алды. Олар алдағы күндері еркін бағдарламада өз өнер көрсетеді. Суперфинал 4 маусымда аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы