Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов бастаған Қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен Орталық Азия жастар форумына қатысты,-деп хабарлады ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайты.
Форум Өзбекстан Республикасының бастамасымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші Консультативтік кездесуінде Өзбекстан Президентінің ұсынуымен (6 тамыз, 2021 ж., Түрікменстан) және Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумға Қазақстан Республикасы атынан ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының және түрлі ғылыми олимпиадалардың жеңімпаздары, Президенттік жастар кадрлық резервінің, Қазақстан жастар ұйымдарының және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, жас ғалымдар, IT мамандар мен гроссмейстерлер қатысты.
Халықаралық форум барысында: жастарға арналған әлеуметтік маңызы бар жобалар мен бағдарламаларды одан әрі іске асыру, мәдени-гуманитарлық саланы дамыту үшін Орталық Азия өңірі елдерінің зияткерлік жастар элитасы мен ақпараттық технологиялар секторы, жастар ұйымдары өкілдері арасындағы аймақаралық өзара іс-қимылды арттыру және нығайту мәселелері; сондай-ақ, Орталық Азия елдері арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі А.Данилов құттықтау сөзінде, Қазақстан халықаралық серіктестермен, соның ішінде жастар қозғалысының өкілдерімен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті.
-Біз өз елімізді, экономиканы, әлеуметтік саланы дамыту, отандастарымыздың әл-ауқатын нығайту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Сондықтан осы форум ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жандандыруға ықпал ететін және бірлескен жобаларды дамыту мен іске асыру үшін жағдай жасайтын тиімді коммуникациялық алаңға айналады деп ойлаймын, – деді А.Данилов.
Қазақстан жастарынан басқа, аталмыш форумға Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Түрікменстанның үздік жастары қатысты.
Форум қорытындысы бойынша, мемлекет басшыларының кезекті Консультативтік кездесуі барысында Орталық Азия өңіріндегі халықаралық жастар ынтымақтастығын одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу және Орталық Азия елдерінің зияткерлік жастары қоғамдастығын құру жоспары қарастырылды.