Несие туралы айтыла кетсе, кез келген қазақстандық шет елдердегі жағдайды мысалға келтіреді. Мәселен, Еуропа елдерінде банктер несиені 3-4 пайызбен ұсынады. Ал біздегі көрсеткіш 20-25 пайызды құрап отыр. Мұндай айырмашылықтың себебін BAQ.KZ тілшісі белгілі экономист Сапарбай Жобаевтан сұрап көрді.
Маманның айтуынша, несие пайызындағы алшақтық бірінші кезекте елдің экономикалық жағдайына тікелей байланысты.
Шет елдерде инфляция деңгейі өте төмен. Мысалы, Жапония, Еуропа елдерінде қазір бұл көрсеткіш 0 пайыз. Баға өсіп жатқан жоқ. Олар жалақысына сай шекті бағаға жетіп алған. Ал біз дамушы мемлекетпіз. Бізде инфляция деңгейі әр жылдары 8-10 пайыз төңірегінде, тіпті 2022 жылы 20 пайызға дейін өсіп кетті. Бұл дамушы мемлекеттердегі қалыпты жағдай, - дейді экономист.
Жобаевтың айтуынша, инфляция деңгейі Қазақстандағыдан да жоғары мемлекеттер көп. Мәселен, қазір Ресейде бұл көрсеткіш 25 пайызды құрайды екен. Түркияда тіптен жоғары – 50 пайыз. Куба, Солтүстік Корея, Венесуэлада инфляция пайызы 100-ге дейін жететін көрінеді.
Сапарбай Жобаевтың сөзінше, біз орта дамушы мемлекет болғандықтан, жағдай осындай. Ал дамыған мемлекеттерде баға мүлдем өспейді десек болады. Мысалы, ол елдерде депозитке 2% ғана өсім береді. Сондықтан банктер несиені 3-ақ пайызбен береді. Себебі бәсекелестік жоғары. Одан жоғары көтерсе, ешкім несие алмай қояды.
Осы жерде тағы бір заңды сұрақ туындап отыр. Біздің банктер шет елдерден 2-3 пайызбен несие алып, оны 20-25 пайызбен қазақстандықтарға ұсынады. Бұл әділетсіздік емес пе? Жобаев мұның да жауабын берді.
Егер де біздің теңгеміздің бағамы 3-4 жыл қалыпты тұратын болса, пайызды төмендетуге болар еді. Кезінде мұндай жағдайлар болды. Бірақ теңгенің құнына қатыста қазір ешкім уәде бере алмайды. Мәселен, былтыр біз ұлттық валютамыз 450 болып тұрады деп ойладық. Кейін 525-ке бір-ақ шықты. Шетелден бұрынғы курспен қарыз алған банктер қарызын енді осы өсіммен қайтару керек болады. Сондықтан олар осындай тәуекелдердің алдын алып, 20-25 пайызбен несие береді, - дейді ол.
Несие пайызынан бөлек Сапарбай Жобаев АҚШ долларының биылғы бағамы, қаржылық сауаттылық және қарызға батып кетпеудің жолдары жайлы ойларымен де бөліскен болатын. Бұл сұхбатты толықтай мына жерден көре аласыз.