Қостанай тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде қоғамдық түрде жасалған ұлтаралық қақтығысты қоздыруға бағытталған қасақана әрекеттері үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот әйелге қатысты қылмыстық істі қарады. Онда ұлтаралық араздықты қоздыруға және азаматтардың ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер қарастырылды.
Сот анықтағандай, 2024 жылғы қараша айының басында Қостанай тұрғыны мобильді телефон арқылы TikTok әлеуметтік желісіндегі онлайн-трансляцияға қосылып, тікелей эфир барысында басқа қатысушылармен сөйлескен кезде ұлттық белгіге байланысты қорлау пікірлерін ашық жариялаған.
Бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі бойынша ұлтаралық араздықты қоздыруға және азаматтардың ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде бағаланды. Сот істің әлеуметтік қауіптілігін, жасалған әрекеттің сипатын, сондай-ақ жеңілдететін жағдай ретінде оның ұлының жол-көлік апаты салдарынан көзі көрмей қалғанын ескерді.
Әйелге екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазаны ең төменгі қауіпсіздік деңгейі бар қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейді деп белгіленді, - деп жазылған сот хабарламасында.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.