2025 жылдың IV тоқсанында Қазақстанда медианалық жалақы 339 912 теңгеге жетті. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы орташа айлық атаулы жалақы мәні 473 158 теңге болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, IV тоқсандағы жалақының орташа мәнінің өсуі жыл қорытындысы бойынша қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылар есебінен еңбекақы қорының ұлғаюына байланысты болған.
2024 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ауыл, орман және балық шаруашылығы – 25,9%, жылжымайтын мүлік операциялары – 14,5%, көлік және қойма – 11,9%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 10,8%, ақпарат және байланыс – 10,7%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 10,3% салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы – 5,7%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде– 5,6% өсті, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жалақының өсу қарқыны бойынша республикалық деңгейде келесі өңірлерде көрсеткіш өскен.
Өңірлік бөліністе 2024 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың IV тоқсанында айлық орташа атаулы жалақының ең көп өсуі Ақмола облысында –17,4%, Солтүстік Қазақстан облысында – 13,1%, Абай облысында – 11,7%, Алматы қаласында – 11,5% және Жетісу облысында – 11,2% байқалды, - дейді Ұлттық статистика бюросы.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда табыстың көп бөлігі азық-түлікке жұмсалатыны хабарланды.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мұнай бағасы өскенде қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме деген сауалға жауап берген болатын.