АҚШ, Қытай, Еуропаның бірқатар дамыған елдері тауарларды таңбалауды жүзеге асыратын жобаларды бұрыннан мемлекеттік дәрежеде енгізген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өйткені тауарларды цифрлық таңбалау нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге, тұтынушыларды қорғауға және көлеңкелі экономиканы қысқартуға көмектеседі. Нәтижесінде тауар сапасының артуына септігін тигізеді.
Бүгінде елімізде міндетті цифрлық таңбалауға дәрілік заттар, темекі өнімдері және аяқ киім сияқты үш тауар санаты жатады. Жалпы Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау 2019-2020 жылдары енгізіле бастады.
Тауарларды цифрлық таңбалау дегеніміз тауарлардың айналымының барлық кезеңдерінде олардың шығу тегі мен қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін инновациялық механизм екенін атап өтейік.
Таңбалау бірегей DataMatrix коды арқылы тауардың жолын бақылауға, өнімді контрафактіден қорғауға және оны арнайы Naqty Onim қосымшасы арқылы тұтынушыға қолжетімді етуге көмектеседі.
Тауардың қайдан келгенін білу неге маңызды?
Авторлық құқықты бұзып, қолданыстағыны көшіретін кез келген жаңа өнім контрафактілік өнім болып саналады. Контрафакт – кең таралған құбылыс.
Қазақстанда контрафактілі өнімді пайдалану және тарату үшін жауапкершілік қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексіндеавторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу туралы 198-бап тауар белгісін заңсыз пайдалану туралы 222-бап, сондай-ақ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралыкодексінде бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, шығарылған жерінің атауын заңсыз пайдалану көзделген тауар немесе фирмалық атау туралы 158-бап.
Контрафактілік өнімдер халықтың денсаулығына ғана емес, ел экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді.
2030 жылға қарай контрафактілік тауарлармен әлемдік сауда көлемі 1,79 трлн долларға жетуі мүмкін. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 75%-ға артық. Қазақстанда 2024 жылы 24 млн теңгеден астам сомаға контрафакт тәркіленді, - делінген ҚР Әділет министрлігі мәлімдемесінде.
Сондықтан контрафактілік өнімдер мәселесінде тауарларды цифрлық таңбалаудың маңызы зор. Сондай-ақ ол салық түсімдерін ұлғайтуға да әсер етеді.
Міндетті таңбалауды енгізу акциздерден, ҚҚС-тан және кедендік баждардан түсетін кірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал аяқ киімнен түсетін ҚҚС және баж түсімдері 2021 жылдан 2023 жылға дейін 3,5 есе өсіп, 30,7 млрд теңге кіріс әкелді.
Тауарларды цифрлық таңбалау тұтынушыларды қорғауға да мүмкіндік береді. Өйткені жалған өнімдер мен контрабанда бизнеске қауіп төндіреді. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда жарты миллиардтан астам заңсыз қорап темекі сатылды. Мұндай жағдайда, тауарын таңбалап, салық төлеп отырған адал кәсіпкерлер контрафактілік өнімдерді шығарушылармен бәсекелесе алмайды. Өйткені салық төлемей, таңбаланбаған тауарды сататындардың өнімі арзанырақ. Оған қоса, таңбаланбаған темекі өнімдері ешқандай сапа бақылауынан өтпейді.
Цифрлық таңбалау қалай жұмыс істейді?
Тауарларды цифрлық таңбалаудың негізі – DataMatrix коды. Ол бірегей код, ол өнімнің шығу тегі және қозғалысы туралы ақпаратты қамтиды. Оны көшіру мүмкін емес.
Цифрлық таңбалау бухгалтерлік есеп жүйесімен бірлесе отырып төмендегідей мүмкіндіктерді ашады:
- электрондық ілеспе құжаттарды қалыптастыру;
- барлық айналым құжаттарында кодты міндетті түрде көрсету;
- онлайн-кассалар, банк терминалдары және кәсіпорындардың есеп жүйелері арқылы бақылау.
Айта кетейік, тұтынушы да кодты Naqty Onim арқылы тексеріп, заттың заңды және қауіпсіз екеніне көз жеткізе алады.
Сауда министрлігінің мәліметінше, міндетті таңбалауды енгізу бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Пилоттық жоба (1-2 жыл)
- тауарлардың шектеулі тобында таңбалауды тестілеу;
- міндетті таңбалауды іске асыру қаншалықты орынды екенін бағалау.
2. Қоғамдық талқылау және талдау (3-6 ай)
- қоғамдық талқылауға қажет құжаттарды реттеу;
- нарық қатысушыларымен бірге жобаның нәтижелерін жұртшылықпен тыңдау.
3. Жобаны бекіту
- "Атамекен" ҰКП-мен келісу;
- жоба бекітілген соң 60 күннен кейін шешім күшіне енеді.
Таңбалау елге не берді?
Дәрілік заттар саласында 2023 жылы 8,3 миллион қаптама таңбаланса, биыл бұл көрсеткіш 175,2 млн қаптамаға жетті. Бүгінде айналымда 65,5 млн дәрі бар. Оның ішінде импорттық 36,8 млн дәрі және отандық 28,7 млн препарат бар. Айналымнан 7,24 млн дәрілік зат шығарылды. Нақты уақыттағы дәрі-дәрмек айналымын бақылауға арналған аналитикалық платформа іске қосылды.
Аяқ киім бойынша таңбалау жүйесінде 4134 қатысушы тіркелді. 126,7 млн код жазылды. Нәтижесінде 2023 жылы ҚҚС және баж түсімдері 16%-ға ұлғайды.
Бұдан басқа тоқыма экспорты өнімдерін таңбалау оларды Wildberries, Ozon маркетплейстерінде экспорттауға мүмкіндік берді.
Таңбалауда қандай бастамалар жүзеге аспақ?
Сыра қайнату өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба биыл іске қосылды және оны 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Қант қосылған сусындар мен бөтелкедегі суды таңбалау бойынша пилоттық жоба 2025-2026 жылдары басталады.
Айта кетейік, бұл бастамалардың барлығы нарықтың ашықтығының артуына, көлеңкелі сектор үлесінің төмендеуіне, салық түсімдерінің өсуіне және тұтынушылардың Қазақстан нарығындағы тауарларға деген сенімін нығайтуға көмектеседі.