Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында брифингтер легі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оңтүстік Шығыс Норвегия университетінің лекторы, Молде университетінің доценті Гленг Агунг Холе брифингте сөйлеген сөзінде Қазақстандағы сайлау науқанына қатысып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Ол сайлау учаскелерінде осы уақытқа дейін бәрі дұрыс болғанын хабарлады. Сондай-ақ демократия жөніндегі өз ойымен бөлісті.
Демократияға жетуге көп уақыт кетеді. Бұл – үш ұрпақ бойы жалғасатын ұзақ жол. Оған бір күнде, бір түнде жету мүмкін емес, - деді ол.
Польшадағы «Бойма» атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институтының ғылыми кеңесінің мүшесі Ежи Олендзкий де сайлау демократизация процесіндегі маңызды қадам екенін атады.
Қазақстанда тарихи сәт орын алып жатыр. Бұл демократизация процесіндегі өте маңызды сәт деп ойлаймын. Әлем бойынша Қазақстандағы сайлауды бақылап отырмыз. Мен үш сайлау учаскесіне бардым. Барлығы стандарт бойынша жүріп жатыр, анонимділік сақталған, - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Өңірлік мәселелер және еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Вагаршак Акобян сайлауды ұйымдастыру деңгейі жоғары екенін атады.